Ашық хат: Соттағы сыбайластыққа тоқтау қашан болады?

Dalanews 25 қыр. 2017 10:44 734

Редакциядан:

Сайтымыздың редакциясына оқырмандарымыздан түрлі хаттар келіп түсуде. Олардың ішінде Қазақстаның Сот жүйесінде оран алған кейбір келеңсіз жайттарды меңзейтіндері бар.

Жақында редакциямызға Алматы облысының, Райымбек ауданының тұрғыны Нұрғасқаев Айбол Жақыпұлы мен Алматы қаласының тұрғыны Зайнаудинов Алимжан Арупұлының хаты келіп түсті.

Онда Сот процессінің біраз былығы баяндалыпты. Анығында, сот орындаушы мен құзырлы орган өкілдерінің бармақ басты, көз қыстылығы туралы айтылады.




«Нұр Отан» партиясына,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және

сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігі басшысы

Қайрат Преншенұлы Қожамжаровқа,

ҚР Бас прокуроры Жақып Қажманұлы Асановқа

 

Ашық хат

Оқиға қалай өрбіді?  Нұрғасқаев Айбол Жақыпұлы  2013 жылы Алматы қаласында орналасқан «Арлан-финанс» шағын несие беруші ұйымынан 3 милион 60 мың теңге көлемінде нисие алған. Ол үшін Алматы қаласы, Алатау ауданы, Қарасу шағын ауданында орналасқан 0,0814 га жер телімін кепілге қояды.

Кейін борышкер несиені уақытылы төлемегендіктен, 2014 жылы  «Арлан-финанс» кепілдегі жер телімін азамат Дауанов Берікжан Мешітбайұлына 5 миллион 552 мың 614 теңге сатып жібереді. Дау осыдан басталады.

Кейін Алатау аудандық Соты 2014 жылы шешім шығарып, Нұрғасқаевқа  жерді қайтарып беріп, есесіне 5 миллион 552 мың 614 теңгені төлеуді міндеттейді.

2015 жылдың қаңтар айында Алатау аудандық Сотында тағы бір процесс болып, онда мәселе Нұрғасқаевтың пайдасына шешіледі.

Енді, 2015 жылдың 25-ақпанында азамат Дауанов Б.М. Алатау аудандың ІІБ-на арық-шағым түсіріп, Нұрғасқаевтың алаяқтық жасағанын айтады. Аталған шағым бойынша ҚР ҚК 190 бабы, 4 бөлім, 2 тармағы бойынша №ЕРДР157512031001693 (03.03.2015 ж) қылмыстық іс қозғалады.

Полиция тергеушісі А.Қаңтарбаевтың бұйрығымен, Нұрғасқаевқа іздеу жариряланады. Алатау аудандық ІІБ-ның қылмыстық іздеу тобы Нұрғасқаев Айболды Алматы облысы Райымбек ауданы, Жалаңаш аулының Серікбаев көшесінде орналасқан № 49 үйден ұстап, 30.07.2015ж полиция тергеуіне тапсырады. Бұл Полиция лейтенанты Сасанов К. рапортында анық көрсетілген.

Нұрғасқаевтың іс-әрекетінде қылмыстық сипат жоқтығын анықтаған тергеуші, полиция капитаны А.Қаңтарбаев ҚР ҚПК 35 бабы, 1 бөлімі, 2 тармағына сәйкес істі тоқтату туралы шешім шығарады.

Ескере кететін жайт – арызданушы Дауанов Б. Айыпталушы Нұрғасқаевтың тұрғылықты мекен-жайынан хабардар болады.

Алатау аудандық сотының29.09.2015 жылғы  № 2-1912\2015 шешімі бойынша Жеке Сот орындаушысы Қали Қуаныш мырза 06.10.2015 жылдан бастап айыпталушы Нұрғасқаевтың сот шешімін орындау ісін қозғайды.

Осы жерден оқырманымыз  ЖСО Қали Қуаныштың істі жүргізудегі жіберген олқылықтары туралы баяндайды.

Әуелі, іс қозғалған күннен, яғни 06.10.2015 жылдан бастап, шешім шығарған 5.12.2016 жылға дейін Қали Қуаныш мырза борышкер Нұрғасқаевтың тұрғылықты мекен-жайын анықтай алмаған.

Бір қызығы, 2016 жылдың қараша айында сот процессі кезінде борышкер Нұрғасқаев А.  Сот төрағасына ХҚКО-нан 25.11.2016 жылы берілген мекен-жай анықтамасын тапсырған. Онда азамат Нұрғасқаевтың Алматы облысы, Райымбек ауданы, Жалаңаш ауылы, Серікбаев көшесі 49-үйде тіркелгені анық көрсетілген.

ЖСО Қали Қуаныш мырза Нұрғасқаевты шақыру үшін барлық хабарламаны Алматы қаласында орналасқан бейтаныс адамдарға (көршісі ретінде) жіберіп отырған.

2015 жылдың қазан айында борышкер Нұрғасқаев ірі жол көлік апатына ұшырайды. Бел омыртқасы 4 жерден шытынап, операция жасалады. Бұны растайтын медициналық анықтамалар да бар.

ЖСО Қали Қ. Істі уақытша тоқтатпайды. Ал Сот орындаушылар туралы заңның 44-бабында, 6 бөлімінде «борышкер немесе айыпталушы денсаулығы аса ауыр жағдайда болса, процессті уақытша тоқтату керектігі» анық жазылған.

Содан кейін ЖСО Қали Қуаныш мырза борышкер Нұрғасқаевты атқарушы іспен таныстырмаған. Себебі, Нұрғасқаевтың мекен-жайын анықтамаған.

Борышкер Нұрғасқаев Алматы қаласы, Алатау ауданы, Қарасу ықшамауданының Балқурай көшесінде орналасқан №15 жер учаскесін Зайнаудинов Алимжан Арупұлына 2007 жылы өзара келісім бойынша 40 мың АҚШ долларына бағалап, сатқан. Нұрғасқаевтың жазып бергнен қолхаты бойынша, 12.01.2011 жылы келісілген соманы толық алған. Ол жерге Зайнаудинов А. 2007 жылдан бастап үй салып, коммуникация жұмыстарын жүргізген, ауласын қоршаған. Күні бүгінге дейін аталған мекен-жай бойынша Зайнаудинов Алимжан өз отбасымен тұрып жатыр.

Алайда, Зайнаудиновтың құжаттары дұрыс болмағандықтан, екеуара (Зайнаудинов пен Нұрғасқаевтың арасындағы) келісім бойынша жер учаскесінің иесі Нұрғасқаев болып қалды.

Ал Алатау аудандық сотында 12.05.2015 жылы өткен процесс кезінде Зайнаудинов Алимжанның жер учаскесін сатып алғаны, үй тұрғызып, коммуникация жүргізгені толығымен анықталған.

Азамат Дауанов Берікжанның ресми өкілі Грачева С.Н. Алматы қаласында Мемлекеттік Сот орындаушы болып қызмет істеген адам. Борышкер Зайнаудинов А. бірнеше рет Дауановқа ұсыныс жасайды. Жер телімінің құжаттарын қайтарып беруді, жерді және үйді заңдастырып, онда орналасқан үйді ресми бағалау арқылы сатып, Дауановтың ақшасын қайтарып беруді ұсынған. Бірақ, Дауанов келіспеген. Бұл ұсынысты Сот орындаушысының көмекшісінің алдында айтқан.

12.12.2016 жылы Нұрғасқаев Жетісу аудандық сотына арыз беріп, Дауановтан жер учаскесінің құжаттарын заңсыз ұстап отырғаны үшін қайтарып беруді талап еткен. Сот шешімі талапты қанағаттандырып, Дауановқа құжаттарды қайтарып беруді міндеттейді. Дауанов Берікжан бұл шешімді орындамаған. Нұрғасқаев денсаулығына байланысты ЖСО-ға шағымдана алмаған.

ЖСО Қали Қуаныш мырза аталған жер учаскесінде бірнеше мәрте болған, ондағы салынған үйді өз көзімен көрген.

Сот орындаушылар туралы заңның 73 бабында, 1 тармағында «борышкердің жылжымайтын мүлкін тәркілеуде заңдастырылмаған мүлікті анықтаған соң, сот орындаушысы сотқа талап түсіріп, борышкерге мүлікті заңдастыруды міндеттейді. Содан кейін борышкерге мүлікті сатып, борышын өтеуге мүмкіндік беру керектігі» анық жазылған.

Ал 74-баптың 2-тармағында «борышкер сот орындаушының рұқсатымен тәркіленген мүлікті заңдастырып сатуға құқылы» деп жазылған.

Борышкер Нұрғасқаев Айбол отбасын құрған, бір баласы бар. Сот процессінде оның әйелі мен баласының құқығы ескерілместен, мүлік толығымен Дауановқа берілген. Мұнда Нұрғасқаевтың әйелі мен баласының еншісі бар екені, 55-заңның 8-тармағында анық көрсетілген.

Борышкердің мүлкін бағалау туралы 60-заңның 1 тармағында «сот орындаушы мүліктің барлық иелерін ескертуге міндетті және оларға заңды түрде мүлікті сатып алуға мүмкіндік беруі керек» деп жазылған. Бірақ ЖСО Қали Қ. бұл ережені де орындамаған.

Енді борышкердің мүлкін бағалауға тоқталайық. 68 баптың 2-тармағында «ЖСО-ның мүлікті бағалау туралы шешімінің көшірмесі тараптарға 1 күннің ішінде тапсырылуы керек» деп жазылған. Осы баптың 3-тармағында «тараптар бағалау қорытындысымен келіспейтін болса, 10 күнінң ішінде сотқа шағымдануға құқылы»деп жазылған.

ҚР Әділет министрлігінің 09.12.2010 жылғы  № 327 бұйрығына сәйкес, борышкердің мүлкін бағалау мерзімі қорытынды шығарылған күннін бастап, келісім жасалған күнге дейін 6 ай ішінде күшіне ие деп көрсетілген.

ЖСО Қали Қ. борышкер Нұрғасқаевтың мүлкін бағалау уақытын 6 айдан асырып жіберген. ЖСО Қали Қуаныштың бұл шешімі қаншалықты заңды?

Сөйтіп, ЖСО Қали Қуаныш борышкер Нұрғасқаевтың мүлкін Дауановқа беру толықтай беру туралы шешім шығарған. Ал Дауанов жер учаскесін ондағы үймен қоса азамат Жаманбаланов Батырхан Қожахметұлына 18 миллион теңгеге сатып жіберген. Мұндағы Дауановтың заңды түрде алатын ақшасы – 5 миллион 552 мың 614 теңге. Қалған 12 447 386 теңге кімнің қалтасына кетті? Білмейміз...

Жоғарыдағы аталған фактілерге сәйкес Алатау аудандық соты 2016 жылдың 5 желтоқсанында ЖСО Қали Қуаныштың шешімдерін заңсыз деп тапқан.

2017 жылдың 14-наурызында Алматы қалалық Аппеляциялық сот коллегиясы Төраға Жолдыбаев С.Ж., сот Сейтова С.А. және Абрахменова Б.С істі қайта қарап, Алатау аудандық сотының 05.12.2016 ж шешімін заңсыз деп шешім қабылдайды.

Бұл жерде Аппеляциялық сот алқасы жер учаскесінде орналасқан үйді есепке алмастан, ҚР азаматы Зайнаудиновтың конституциялық құқықтарын ескерместен шешім шығарады. Бұл жартылай шешім қаншалықды заң шеңберінде орындалды?

Борышкер Нұрғасқаев Айбол мен азамат Зайнаудинов Алимжан Аппеляциялық сот алқасының шешімімен келіспей, Жоғарғы сотқа шағым түсірген. Алайда, 29.05.2017 жылы Жоғарғы соттан жауап келіп, шағымды қабылдаудан бас тартқан.

Жоғарыдағы фактілерді ескере отырып, біз, Нұрғасқаев Айбол (отбасы) мен Зайнаудинов Алимжан және отбасы мүшелері Қазақстанның құзырлы органдарынан, соның ішінде Нұр Отан партиясынан, ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің басшысы Қайрат Қожамжаров мырзадан, ҚР Бас Прокуоры Жақып Асанов мырзадан аталған іске араша түсіп, мәселенің ақ қарасын айырып беруді сұраймыз.

Мен Зайнаудинов Алимжан ҚР Ішкі істер қызметінде қызмет етіп, зейнетке шыққан адаммын. Нұр Отан партиясының мүшесімін. Заңды салық төлеп, ҚР Конституциясын бұзбаған адаммын. Енді сот жүйесіндегі бармақ басты, көз қысты әрекеттердің куәсі, керек десеңіз әділетсіздіктің құрбаны болып отырмын. Біз Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сіздерден әділ шешім, араша күтеміз. Сотағы сыбайластыққа тоқтау қашан болады?

Нұрғасқаев Айбол Жақыпұлы,

Зайнаудинов Алимжан Арупұлы

Редакциядан:

Біз аталған мәселені толық тыңдадық. Істің мән-жайына үңілдік. Жоғарыдағы келтірілген мысалдарды ескере отырып, әуелі Жеке сот орындаушы Қали Қуаныш мырзаға хабарластық. Ол кісі денсаулығына байланысты бізге сұхбат беруден бас тартты. Десе де, біз Қали Қуаныш мырзаның жұмыс кеңсесіне барып, тікелей өзімен жолықтық. Қали Қуаныш мырза біздің сұрақтарға жазбаша жауап беруге келісіп, электронды поштасын берді. Алайда, арада бірнеше күн өтсе де, Қали Қуаныш мырзадан жауап келмеді. Біз бірнеше мәрте жеке телефонына қоңырау шалдық. Жауап болмады. Алдағы уақытта Қали Қуаныш мырзаның аталған мәселеге қатысты жауабын білуге тырысамыз.

Онан соң, Аппеляциялық сот алқасының төрағасы болған Жолдыбаев С. Мырзаға жолығу үшін Алматы қаласы, Қазбек би көшесінде орналасқан Алматы қалалық сотына бардық. Жолдыбаев мырзаның хатшысы Кәмшат Жалбарова ханыммен кездестік. Мәселені түсіндіріп, шешім шығарған сот алқасының төрағасы Жолдыбаев мырзамен пікірлесуге тырыстық. Алайда, Жалбарова Кәмшат ханым, судя Жолдыбаев мырзаның сұхбат беруден бас тартқанын жеткізді.

Алдағы уақытта бұл азаматтардың жауабын алуға тырысамыз.

Abai.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар