Қостанай қалалық №2 соты бірнеше адамды пәтер алып беремін деп алдаған әйелге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы өзін жылжымайтын мүлік алуға көмектесетін делдал ретінде таныстырып, тұрғындарға нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан пәтер алып беруге уәде еткен. Осылайша ол сегіз азаматтың сеніміне кіріп, олардан 30 миллион теңгеден астам қаражат алған.
Тергеу барысында әйелдің 2022 жылдың сәуірінен 2024 жылдың қыркүйегіне дейін жалған уәделер беріп, өз әрекетін заңды мәміле ретінде көрсетіп келгені анықталды.
Сотта прокурор айыпталушыны 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал жәбірленушілер келтірілген шығынның толық өтелуін және қатаң жаза тағайындауды талап етті.
Сот айыпталушының кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне өкініш білдіргенін, кәмелетке толмаған балалары бар екенін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді.
Нәтижесінде әйел 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін рақымшылық туралы заңға сәйкес жаза мерзімі 2 жыл 8 айға дейін қысқартылды. Сондай-ақ оның жас баласы барын ескерген сот жазаны өтеуді бес жылға кейінге қалдырды.
Жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы талаптары толық қанағаттандырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.