Түркістан облысының Арыс қаласында жантүршігерлік жол апаты болып, төрт адам көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәліметтер бойынша, әйел адам басқарған көлік жекеменшік үйдің қоршауына соғылып, үйдің алдында орындықта отырған адамдарды қағып кеткен. Салдарынан төрт адам қаза тапқан. Қаза болғандардың арасында екі кішкентай бала мен жүкті әйел бар.
Оқиға салдарынан тағы екі адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Журналист Михаил Козачковтың дереккөзінің мәліметінше, көлік тізгінінде 52 жастағы Бибинұр Қасымова болған. Ол мектепте жұмыс істейтіні, ал бос уақытында такси қызметімен айналысатыны айтылған.
Сараптама қорытындысы бойынша, әйел адам апат кезінде алкогольдік мас күйде болған.
Қазіргі таңда оған абайсызда жасалған қылмыс бабы бойынша айып тағылуы мүмкін. Михаил Козачков қолданыстағы заңнама бойынша мұндай қылмыс үшін ең жоғары жаза 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру екенін, алайда тараптардың татуласуы немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу мүмкіндігі қоғамда қызу талқыланып жатқанын атап өтті.
Осы оқиғадан кейін журналист мас жүргізушілерге қатысты жазаны күшейту мәселесін көтеріп, депутаттарға үндеу жолдаған.