inDrive компаниясының негізін қалаушы Арсен Томскийге үйлену тойында жеті жастағы асыл тұқымды Барбарис есімді жылқы тарту етілді. Ерекше сыйлықты кәсіпкер Бағдат Мусин берген, деп хабарлайды dalanews.kz.
Арсен Томский бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, сәйгүліктің суретін жариялады.
"Үйлену тойына әдетте ақша салынған конверт береді. Ал Қазақстанда жылқы сыйлайды! Барбариспен таныс болыңыздар. Таза қанды, жеті жастағы мініс жылқысы. Бағдатқа рақмет!" – деп жазды кәсіпкер.
Оның айтуынша, бірнеше жылдан бері жеке көлігі болмаған. Осы уақытқа дейін inDrive қызметін пайдаланып немесе автокөлік жалдап жүрген. Енді Барбаристі өзінің жеке көлігіне теңеген Томский жылқының "жолақысы - сәбіз бен алма" екенін әзілмен жеткізді.