Бұрынғы оқу-ағарту министрі әрі экс-депутат Асхат Аймағамбетов өз атынан жалған парақша ашатындар көп екенін айтып, халықты сақ болуға шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол дәл бір жыл бұрын өзінің атынан ашылған жалған аккаунттар мен таратылған жалған ақпарат туралы жазғанын еске салды.
"Өкінішке қарай, мұндай әрекеттер әлі де тоқтаған жоқ. WhatsApp, TikTok, YouTube және басқа платформаларда жалған парақшалар ашылып, шындыққа сәйкес келмейтін, арандатушылық сипаттағы түрлі ақпарат жарияланып жатыр. Сондықтан күмәнді парақшаларға, белгісіз хабарламаларға және тексерілмеген ақпаратқа сенбеулеріңізді сұраймын. Барлық ресми ақпарат тек менің расталған парақшаларымда жарияланады", - деді ол.
Асхат Аймағамбетов осындай жалған ақпаратты әдейі тарату дерегі бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді.
"Ақпараттық кеңістікте дәлдік пен жауапкершілік бұрынғыдан да маңызды. Сақ болайық", - деп ескертті экс-депутат.