Арабтар Қазақстанға 11 миллиард қаржыны қайтаруы керек

Dalanews 29 мау. 2021 07:38 1319

ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сауал мен өтініш!

Арабтар Қазақстанға 11 миллиард қаржыны қайтаруы керек. Әрине, ар-ожданы мен иманы болса.

Оқырманға түсінікті болуы үшін әңгімені арыдан басталық.

Кешелі-бері интернетті ақтарып отырып екі бірдей жаңалыққа көзім түсті.

Біріншісі, Біріккен Араб Әмірліктері шейхтарына Қазақ даласында құсбегілік құрып, демалыс жасауына рұқсат беріппіз. Қош делік!

Бұл шейхтар ауланатын құстарды әуелі көптеп өсіріп, иен далаға ұшырады, кейін соларды аулайды. Бұған дейін де олар келген, бұдан кейін де келеді. Қонақжай халықпыз, достыққа әрқашан да есігіміз ашық. Шейхтардың Қазақстанға деген көзқарастары жақсы, басымызға күн түскенде көмек қолын созып та отырады.

Былтырдан бері біздің елімізге ұшақтармен гуманитарлық көмектерін де жіберген. Шымкентте үлкен мешіт және «Ана мен бала» орталығын салып берді. Екі елдің басшылары да жиі кездесіп тұрады. Біздің мыңдаған турист Дубайдан шықпайды. Жалпы, Қазақстан мен БАӘ қатынасы қалың, сыйластығы жоғары елдер деуге келеді.

Екінші жағынан жаңалығым, Қытай Бангладешке «Синофарм» вакцинасының бір дозасын 10 АҚШ долларына сатып, оның дозасын 15 доллардан алып жатқанын басқа елдер естіп қойып, халықаралық жанжал болып жатыр екен.

Иә, сіз қателескен жоқсыз, «Синофарм» вакцинасы жақында ғана Қазақстан әрбір дозасын 31,1 доллардан қып-қызыл шығын ақшаға сатып алған «Хаят-вакс» вакцинасының оригиналы. Бәріміз автокөлігімізге қосалқы бөлшек аламыз, оны білеміз, оригинал мен дубликаттың бағасының айырмашылығы екі есе көп екенін. Ал, «Хаят-вакс» вакцинасы «Синофармның» вакцинасының дубликаты.



Енді осы екі жаңалықты өзара байланыстыруға талпынып көрейік. Оңай емес. Оригиналын жұрттың баласы 10 долларға алып жатқанда , қазақ оның дубликатын 31,1 долларға салып алғанына мың алғысын айтып, жалынғандай болып отырмыз.

Кімнен десеңізші? Жақын мұсылман елінен. БАӘ-ден.


Бұл ел жер жаһанға қайырымдылық шараларын жасаумен мәшһүр ел, жылына қаншама елдерге миллиардтаған доллар қаражатты қайырымдылыққа жұмсайды. Осы ел мыңдап, қойдай қырылған елге коронавирусқа қарсы вакцинаны халықаралық нарықтағы бағасынан артық етіп бізге сатты. Осыдан тағы да байып кететініне сенбеймін.

Өз бағасына демей-ақ қояйын, ең арысы бір дозасын 5 доллардан сатса да зиян шекпесіне сенімдімін. Олардың шығарып отырған вакцинасының бағасының зауыттағы құны 1-2 доллардан да аспайды екен.

Ал енді, халықаралық қауымдастық «Вакциналық Маршал жоспары» деп атап жүрген, дамыған елдердің вакцинаға қолы жетпей жүрген елдерге вакцинаны тегін немесе өз бағасына арзан берейік деген саясаты біздің екі елдің арасында қолданылмай қалғаны қандай өкінішті!

Мақаламның басындағы 11 миллиард теңгеге қайта оралайын. Қазақстан 1 миллион дозаны 31,1 миллион долларға сатып алды. 1 миллион дозаны 5 доллардан есептесек, 5 миллион доллар болатын еді. 31,1 миллионнан 5 миллионда алып тастасақ, 26,1 миллион доллар өзімізге қалатын еді ғой.

Доллардың қазіргі курсы 428 теңге десек, бұл қаражат 11 миллиард теңгеден асып кетеді екен.


Ендігі мақсат, Әмірліктердің шейхтарын ар-ождан мен иманға шақырып, вакцина бойынша 31,1 миллион долларлық мәміленің дос әрі мұсылман елдердің арасында жасалып кеткенін үлкен қателік деп бағалап, әрбір дозаны 5 доллардан қайта есептетіп, артық төленген 26,1 миллион долларды Қазақстан халқының пайдасына қайтару туралы тапсырма беруін өтініп сұраймын.

Бәлкім, сатушы ұйым – «Julpar» компаниясы аңқау қазақтарды көріп, пысықтық жасап, сатып та жіберген шығар. Ол коммерциялық ұйым, мүмкін ол жағынан бұл компанияны түсінуге де болады. Бірақ, айтып өткенімдей, діни наным, достық қатынастар, қатерлі ауруға қарсы қара халықтың мүддесі жағынан мұндай қулық ешкімге де жараспайды. Сондықтан да, бүкіл Қазақстан мен қазақ халқының атынан артық төленіп кеткен қаражатты қайтарып беруін сұраймын.

Бұл ақша бізде 2 бірдей балалар ауруханасын салуға жетеді. Бұл мыңдаған балалардың денсаулығын түзеуге себепші болады. Осы істі жүзеге асырса, Әмірліктің шейхтары да үлкен сауапқа қалатын болады. Осылай жасап, мол сауаптың астында қалыңыздар, мұсылман бауырлар!

Бұл мақаланы «БАҚ туралы» заңға сәйкес, журналисттік сұрау деп бағалауды сұраймын. Сыртқы істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі осы өтінішті қарап, Әмірліктер шейхтарына жеткізіп, жауап алуларын сұраймын.

 

Бекболат ҚАРЖАН


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар