Хабарландыруда креслоның еменнен жасалып, терімен қапталып, алтын жалатылған сымдармен тігілуі керектігі айтылған. Мұндай ерекше мүлік үшін қазынаның 630 мың теңгесін аямайтындарын жазыпты. Бірақ, дағдарыс кезінде дарақыланған шенеуніктер жұрт даурыққан соң райларынан қайтып отыр. Он күн бұрын жариялаған хабарландыруда қате кетті деп енді ақталып әлек.
Оған жол берген қызметкерге қатаң сөгіс жариялап та үлгерген. Алтын орынтаққа жайғаспақ болған әкімнің Іс басқармасының басшысы Әділ Сейсенбаевты орнынан таба алмадық. Ал қарамағындағылар креслоның алтын емес, сары түсті болғанын қаладық деп өздерінше түсіндіргендей болды.
Бақытбек Аяғанов, Ақтөбе облысы әкімі іс басқармасының заңгері:
– Алтын емес, сол сары түсті болу керек деп айттық. Алтын болу үшін караты болуы керек, құрамы болуы керек. Егер таза алтынан болатын болса. Ол жақта олай жазылмаған. Шегелерінің түсі ғана жазылған.