Ақтөбеде туристік қызмет көрсету сылтауымен азаматтардың ақшасын иемденді деген күдікпен ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, күдікті әлеуметтік желілер арқылы шетелге туристік сапарлар ұйымдастыру жөнінде хабарландырулар жариялаған. Ол азаматтарға турлар, әуе билеттері мен қонақүй орындарын брондап беруге уәде етіп, алдын ала төлем ретінде ақша алған.
Алайда ақшалай қаражатты алғаннан кейін өз міндеттемелерін орындамаған. Туристік сапарлар ұйымдастырылмай, жиналған қаражат жеке мақсаттарына жұмсалған.
Салдарынан жәбірленушілерге елеулі материалдық шығын келтірілген.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Прокуратура азаматтарды интернет пен әлеуметтік желілер арқылы туристік қызметтерді сатып алу кезінде сақ болуға шақырды. Мамандар төлем жасамас бұрын туроператордың немесе туристік агенттіктің заңды түрде тіркелгенін тексеруге кеңес береді.