Ақтөбеде Ресейден келген 252 мың жұмыртқа кері қайтарылды

Ақтөбеде Ресейден келген 252 мың жұмыртқа кері қайтарылды
pixabay.com

Қазақстанға Ресейден тиісті ветеринариялық құжаттары жоқ 252 мың дана тауық жұмыртқасын әкелу фактісі анықталып, өнім кері қайтарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Жайсаң» ветеринариялық бақылау бекетінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының мамандары Ресейден Байқоңыр қаласына бағыт алған көлікті тексеру кезінде жүкке қажетті ветеринариялық құжаттардың жоқ екенін анықтаған.

Тасымалданған өнімнің жалпы көлемі 252 мың дана тауық жұмыртқасын құраған.

Аталған факті бойынша тиісті акт жасалып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Нәтижесінде ветеринариялық талаптарға сәйкес келмейтін жұмыртқалар Ресейге кері қайтарылды.

Тасымалдаушыға ветеринариялық заңнама талаптары, сондай-ақ мемлекеттік шекара арқылы ветеринариялық бақылауға жататын өнімдерді өткізу тәртібі түсіндірілді.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мемлекеттік шекара арқылы бақылаудағы өнімдерді өткізуге бақылауды күшейту және қажетті ветеринариялық құжаттары жоқ өнімдердің Қазақстан аумағына әкелінуіне жол бермеу жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.