Ақтөбедегі Ұлттық ұланның 6655 әскери бөлімінде қызмет еткен әскери қызметкер құмар ойындарға тәуелді болғаны үшін қызметінен босатылды. Бұл шешіммен келіспеген ол сотқа жүгінгенімен, талап-арызы қанағаттандырылмады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс материалдарына сәйкес, әскери қызметкердің бұған дейінгі қызметінде көптеген марапаттары мен көтермелеулері болған. Алайда өткен жылдың күзінде ол теріс себептермен запасқа шығарылып, кейін жеке құрам тізімінен алынып, барлық материалдық қамтамасыз ету түрлерінен айырылған.
Талапкер жұмыстан заңсыз шығарылғанын айтып, бұйрық шығарылған кезде еңбекке уақытша жарамсыздық парағында болғанын алға тартты. Сондай-ақ ол құмар ойындарға өзі қатыспағанын, букмекерлік ставкаларды досы жасағанын, ал өзі тек оған қарызға ақша бергенін мәлімдеді. Осыған байланысты бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды және жұмыссыз жүрген кезең үшін жалақы өндіруді сұрады.
Алайда әскери бөлім талаппен келіспеді. Жауапкердің мәліметінше, 2024 жылдың көктемінде әскери полиция аталған қызметкердің 4,2 миллион теңге көлемінде құмар ойындарға қатысқанына байланысты оған қатысты ұсыныс енгізген. Соған қарамастан, ол 2025 жылы да букмекерлік ставкалар жасауды жалғастырған.
Сот барысында талапкер басшылықты еңбекке жарамсыздық парағында жүргені туралы уақытында хабардар еткенін дәлелдей алмады. Бұған қоса, 2025 жылы оның банк шотына букмекерлік кеңселерден ұтыс ретінде ақша түскені анықталған. Іс барысында талапкердің уәждеріндегі өзге де сәйкессіздіктер ескерілді.
Нәтижесінде сот әскери қызметкердің талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімі заңды күшіне енді.