Ақтөбеде адамдарды несие рәсімдеуге мәжбүрлеген күдіктілер ұсталды

Ақтөбеде адамдарды несие рәсімдеуге мәжбүрлеген күдіктілер ұсталды
Фото: Криминальный Казахстан

Ақтөбеде адамдарды қорқытып, күш қолданып ақша бопсалады деген күдікпен жеті адам ұсталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Полицияның мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы мақсаттағы жасақтың қолдауымен бопсалау және тонау деректеріне қатысы бар деген күдікпен жеті күдіктіні қолға түсірген.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 17 маусым күні күдіктілердің бір тобы жергілікті тұрғынды соққыға жығып, оған күш көрсетеміз деп қорқытып, банкке несие рәсімдеуге және депозиттегі қаражатын шешіп беруге мәжбүрлеген. Нәтижесінде олар жәбірленушінің 700 мың теңгесін иемденген.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің бопсалау бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Қазіргі уақытта тергеушілер ұсталғандардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.