Ақтөбеде абаттандыру ережесін бұзған 600-ге жуық жағдай анықталды

Ақтөбеде абаттандыру ережесін бұзған 600-ге жуық жағдай анықталды
gov.kz

Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша жұмыс жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Полиция қызметкерлері әкімшілік учаскелерде тұрақты түрде профилактикалық іс шаралар жүргізіп, абаттандыру ережелерін бұзу, қоғамдық орындарды ластау және қоқысты белгіленбеген жерге тастау фактілерін анықтауда.

Жыл басынан бері полиция абаттандыру саласында 600-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады. Әрбір факті бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Учаскелік инспекторлар тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Азаматтарға көшелерді, аулаларды және қоғамдық орындарды ластамау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға тастау қажеттігі түсіндіріледі.

Полиция заңсыз қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеуге ерекше назар аударып отыр. Тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарға тастау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау ескертіледі.

«Таза Қазақстан» акциясы аумақтарды абаттандырумен қатар, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Полиция өкілдері тазалық пен абаттандыру талаптарын сақтау ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.