"Жедел-тергеу шаралары нәтижесінде террористердің Некрасов көшесіндегі үйдің пәтерінде екені анықталды. ҰҚК мен ішкі істер министрлігінің арнайы мақсаттағы құрылымдары террористер орналасқан пәтерді қоршап, жапты. Келіссөз кезінде террористер өз еркімен берілуден бас тартып, оқ атты" делінген ресми хабарламада. Бұдан кейінгі келіссөз "нәтижесіз" болып, арнайы жасақ пәтерге шабуылдап төрт күдіктінің көзін жойған.
Осы уақытта Мясоедов пен Арынов көшелерінің қиылысында "террористердің серігі" патруль полициясы экипажына "тегіс ұңғылы қарудан оқ атып", өзі полиция қызметкерлерінің қарсы атқан оғынан мерт болған. Екі полиция қызметкері жеңіл жараланған.
ҰҚК мәліметінше, операциядан бейбіт тұрғындар мен қауіпсіздік күштері қызметкерлері арасында қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Ақтөбеде 5 маусымда болған шабуылдарға күдіктілерді ұстау, көзін жою операциясы 10 маусым күні түнде Некрасов көшесі бойындағы "Отрар" дүкені орналасқан үйде басталған.
Қазір Ақтөбеде шабуылға күдікті қалған адамдарды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. ҰҚК террорға қарсы операцияның аяқталғаны туралы қосымша хабарланатынын айтады.