Ақтөбе су қоймалары көктемгі тасқынға дайын

Самал Асқар 27 ақп. 2026 15:43

Ақтөбе облысындағы ірі су қоймалары көктемгі тасқын кезеңіне дайындалды, деп хабарлайды Dala news.

«Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалы Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларын көктемгі су тасқынына дайындау бойынша бірқатар шараларды жүзеге асырған. Қазіргі уақытта өңірдегі үш ірі су қоймасында тасқын суларын қабылдау және өткізу үшін жеткілікті бос сыйымдылық қамтамасыз етілген.

Атап айтқанда, Ақтөбе су қоймасының бос сыйымдылығы – 58% немесе 142 млн текше метр, Қарғалы су қоймасында – 69% немесе 192 млн текше метр, ал Сазды су қоймасында – 61% немесе 4,5 млн текше метрден астам.

Бұған дейін барлық нысандарда көпфакторлы тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде қауіпсіздік декларациялары әзірленген. Сонымен қатар Ақтөбе және Сазды су қоймаларында пайдалануға берілген сәттен бері алғаш рет кешенді реконструкция жасалған.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында үш су қоймасында да облыстық ТЖД орталық пультімен біріктірілген жергілікті хабарлау жүйелері жұмыс істейді. Бұл жүйелердің бағдарламалық қамтамасыз етуі жаңартылып, қосымша радиостанциялар сатып алынған.

Ақтөбе филиалының директоры Ринат Шауеновтің айтуынша, тасқын қаупін азайтуға бағытталған кешенді алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізілуде.

«Стратегиялық маңызы бар нысандарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Қауіпсіздік және күзет режимі күшейтілді. Барлық су шаруашылығы нысандарында инертті материалдар дайындалды, жанар-жағармай қоры бар резервтік дизельді генераторлар қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, жағдай тұрақты бақылауда», – деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove