Ақтөбе облысында Самара – Шымкент тасжолында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның үш қызметкері көз жұмды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы оқиға 28 шілде күні Ақтөбе мен Хромтау қалаларының арасындағы тасжолда болған. Полицияның мәліметінше, Audi жеңіл көлігі мен жүк тасымалдайтын «ГАЗель» соқтығысқан.
Апат салдарынан 25 жастағы жеңіл көлік жүргізушісі мен бір жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізіліп бара жатқан жолда көз жұмған.
Белгілі болғандай, қаза тапқан үш азамат та Хромтаудағы Дон тау-кен байыту комбинатында жұмыс істеген. Олар жұмысқа өз көлігімен бара жатқан.
«Қазхром» ТҰК» АҚ марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Жол-көлік оқиғасының мән-жайы мен себептерін уәкілетті органдар анықтап жатыр. Компания қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады», деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
Жол апаты кезінде «ГАЗель» жүргізушісі де жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Қазір оның жағдайы туралы ақпарат нақтыланып жатыр.