Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында ірі қара арасында қауіпті жұқпалы аурулар анықталды. Соның салдарынан 50-ден астам мал қырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Диапазон" басылымының мәліметінше, Шеңбертал мен Құрылыс ауылдарында мал белгісіз дертке шалдығып, жаппай қырыла бастаған. Осыдан кейін мамандар өлген 51 малдан сынама алып, зертханалық тексеру жүргізген.
"Сараптама қорытындысы бойынша малдан тейлериоз, пироплазмоз және кейбірінен лептоспироз анықталған", - дейді басылым.
Ветеринарлардың түсіндіруінше, тейлериоз бен пироплазмоз – кене шаққан кезде жұғатын аурулар. Ал лептоспирозды егеуқұйрық пен тышқан сияқты кеміргіштер таратады. Бұл дерт көбіне кеміргіштер жүрген шалшықтан немесе лас су көздерінен су ішкен малға жұғады.
Ауруға шалдыққан малдың қызуы көтеріліп, жем-шөп жемей қояды, әлсірейді.
22 шілдеде ауданға Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен облыстық ветеринария басқармасының мамандары барды. Қазір олар ауру анықталған ауылдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ауру малды оқшаулап, емдеу шараларын қолға алған.
Қырылған малдың барлығы арнайы инсинератор пешінде жойылып, ауру шыққан жерлер толықтай залалсыздандырылды.
Мамандар мал иелеріне кенеге қарсы дәрілеу жұмыстарын уақытылы жүргізуге, малды қараусыз жаймауға және ауру белгілері байқалса, бірден ветеринарларға хабарласуға кеңес берді.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда Ырғыз ауданындағы эпизоотиялық жағдай бақылауда.