Ақтөбе облысының Байғанин ауданында жойқын дауылдан кейін қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Алдын ала мәлімет бойынша, табиғи апат салдарынан 298 нысан бүлінді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, өңір басшысы Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен арнайы кеңесте қалпына келтіру жұмыстарының барысы қаралды.
Алдын ала бағалау нәтижесінде дауылдан 254 тұрғын үй, 14 әлеуметтік нысан, 24 сауда орны және 6 әкімшілік ғимарат зақымданғаны анықталды. Мамандар келтірілген шығын көлемін 27 шілдеге дейін толық есептеп шығаруды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда Қарауылкелді ауылында газ, электр энергиясы мен ауызсу беру толық қалпына келтірілді. Сонымен қатар қатты желден құлаған ұялы байланыс мұнарасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Уақытша эвакуациялау пунктіне орналастырылған тұрғындарға да қажетті жағдай жасалған. Қазіргі уақытта мектеп-интернат ғимаратында алты отбасы орналастырылған.
Еске салайық, өткен аптада Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылында қатты дауыл салдарынан ұялы байланыс мұнарасы дүкеннің үстіне құлап, бірнеше адам зардап шеккен болатын. Осыған байланысты өңірде жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.