Ақтөбе облысында мал азығы қымбаттап, фермерлердің шығыны екі есеге өсті. Жануар иелері енді еттің бағасын көтеруге мәжбүр екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазір бір тонна кебектің бағасы – 90 мың теңге, бір түк шөп – 12 мың теңгеден асып кетті. Фермерлердің айтуынша, олардың шығыны табыстан әлдеқайда артып отыр.
"Басқа амал жоқ, ет бағасын көтеруге тура келеді. Биыл Ақтөбе облысында өнімділік өте төмен болды. Мұнда диірмендер жұмыс істейді. Бидайды 100–110 теңгеден қабылдап, кебекті 90 мың теңгеден сатып отыр. Антимонополия комитеті немен айналысып отырғаны белгісіз. Енді не істейміз, малды немен қоректендіреміз?", – дейді шаруа қожалығының иесі Самат Қалдықұлов.
Мал иелерінің айтуынша, соңғы үш жылда жем-шөпке берілетін субсидия тоқтаған. Кейбіреулері ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген несие ала алмай отыр.
Аймақтық Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті тексеру жүргізетінін хабарлады.
"Ақтөбе облысында кебек сататын екі ЖШС бар. "Рамазан" ЖШС-де баға өзгермеген. Ал "Ново-Әлжан диірменінде" бағалар өскен. Қазіргі таңда антимонополиялық шаралар қабылданып жатыр, мониторинг жалғасады", – деді облыстық департамент басшысының орынбасары Мая Әбілқаирова.
Қазір Ақтөбеде сиыр етінің бір келісі шамамен 5000 теңге, жылқы еті – 4000 теңге. Фермерлердің айтуынша, олар етті бар болғаны 2900–3000 теңгеден өткізеді, бұл жем-шөп шығынын жаппайды.