Ақтаудың 12-шағынауданында екі ай бұрын ғана пайдалануға берілген футбол алаңы қазірдің өзінде жөндеуді қажет етеді. Тұрғындар бүлінген қақпалардың балалар үшін қауіпті екенін айтып дабыл қақты, деп хабарлайды dalanews.kz.
12-шағынаудандағы №31 үйдің тұрғындарының айтуынша, спорт алаңы жақында ғана абаттандырылғанымен, арада екі ай өтпей жатып тоза бастаған. Әсіресе футбол қақпаларының зақымдануы тұрғындарды алаңдатып отыр.
Олардың сөзінше, балалар ойнап жүрген кезде қақпаның конструкциясы сынып қалған. Тұрғындар жабдықтың өте жұқа материалдан жасалғанын әрі жерге сенімді бекітілмегенін айтады.
«Алаң жаңа болса да, қазірдің өзінде осындай күйге түсті. Қақпалар жұқа материалдан жасалған, өте жеңіл әрі дұрыс бекітілмеген. Мұндай қақпа кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін. Онда балалардың қауіпсіздігі туралы қалай айтуға болады?» - дейді тұрғындардың бірі.
Тұрғындардың пікірінше, балалар алаңына орнатылған спорт жабдықтары белсенді пайдалануға төзімді әрі қауіпсіз болуы тиіс. Олар анықталған кемшіліктерді тез арада жоюды сұрап отыр.
Ақтау қаласы әкімдігі тұрғындардың шағымы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жолданғанын мәлімдеді. Ведомство басшысы мердігер ұйымға анықталған ақауларды қысқа мерзімде жоюды тапсырған.