Ақтау маңындағы ұшақ апатының тергеу қорытындысы қашан жарияланады? — министрлік жауабы

Қаракөз Амантай 05 қаң. 2025 14:27 664

Ақтау маңындағы ұшақ апатының тергеу қорытындысы 2025 жылдың соңына дейін жарияланады. Embraer 190 ұшағының Ақтау маңындағы апаты бойынша тергеудің қорытындысы 2025 жылдың соңына дейін жарияланады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

31 желтоқсанда BIZDIÑ ORTA подкастында Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев апаттың алдын ала есебі 30 күн ішінде жарияланатынын мәлімдеді. Дегенмен Көлік министрлігі бұл тергеу жұмыстары Халықаралық азаматтық авиация ұйымының ережелеріне сәйкес 12 айға дейін созылуы мүмкін екенін түсіндірді.

Министрлік өкілдері тергеудің ең ұзақ мерзімі 36 айды құрайтынын атап өтті. Алайда сарапшылар жұмысты бір жылдың ішінде аяқтауға тырысатындарын айтты.

Айта кетейік, 2024 жылы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.

Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны - 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.

Кейінірек Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес Қазақстан Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық органдарымен ақылдасқан соң, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын комиссия Embraer ұшағының қара жәшігін Бразилиядағы CENIPA орталығына жіберу туралы шешім қабылдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар