БЖЗҚ қазақстандықтардың зейнетақы жинағының қысқаруына байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚазБриф дереккөзінің мәліметінше, қазақстандық азамат 2024 жылдың қарашасының соңында зейнетақы жинағының айтарлықтай қысқарғанын байқап, БЖЗҚ-ға жүгінеді. Оның айтуынша, бес күн ішінде шотындағы жинақ сомасы 50 мың теңгеден астам сомаға азайған. Бұл жағдайға зейнетақы қорының өкілдері түсініктеме берді.
БЖЗҚ мәліметінше, жеке зейнетақы шотына (ЖЗШ) аударылатын зейнетақы жарналары Ұлттық банк тарапынан түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Ал инвестициялық табыстың көлемі бағалы қағаздардың нарықтық құнына, валюта бағамдарының ауытқуына, жарналардың сомасы мен аударылған уақытына байланысты құбылып отырады.
“Қарашаның үшінші онкүндігінен бастап ішкі және сыртқы нарықтарда қаржы құралдарының бағасы төмендеді. Бұл инвестициялық табыстың азаюына әсер етті. Мұндай ауытқулар қысқа мерзімде ғана байқалады және уақытша құбылыс саналады”, – деп хабарлады қор өкілдері.
Қор мамандары зейнетақы жинақтарын ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастыру керек екенін, ал инвестициялық табыстың нақты деңгейін кемінде бір жылдық кезең бойынша талдау маңызды екенін атап өтті.
“Инвестициялық табыстың көлемін бір жылдан кем емес кезеңге қарап талдаған дұрыс, себебі зейнетақы жинақтары – ұзақ мерзімді инвестиция. Қысқа мерзімді көрсеткіштер (күнделікті немесе ай сайынғы мәліметтер) нақты нәтиже көрсетпейді, өйткені олар нарық конъюнктурасына тәуелді”, – деп түсіндірді БЖЗҚ.
БЖЗҚ дерегіне сәйкес, 2024 жылдың 11 айында зейнетақы активтерінің табыстылығы 14,85 пайызды құраған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан азаматтарының БЖЗҚ-дағы жинағының 2024 жылғы тоғыз айдағы табысы 2,09 трлн теңгені құрағаны туралы жазғанбыз. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 716,3 млрд теңгеге немесе 52,3%-ға артық.
БЖЗҚ мәліметтеріне сүйенсек, міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), салымшылар мен алушылардың ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған таза инвестициялық кіріс 2,08 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылғы 1,85 трлн теңге көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
2024 жылдың басында жұмыс берушінің аударған міндетті зейнетақы жарналары бойынша қалыптасқан инвестициялық кіріс көлемі 160,6 млрд теңге болды.
"Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы МЗЖ, МКЗЖ, ЕЗЖ шоттарынан тұратын БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 2024 жылдың тоғыз айында 11,22% болды (инфляция көрсеткіші 5,7% кезінде). 2024 жылдың басынан бастап 1 қазандағы жағдай бойынша ЖМЗЖ есебінен алынған инвестициялық кіріс 9,19 млрд теңге немесе 8,87%-ды қамтыды. Бұл ретте 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің соңғы 12 ай ішіндегі кірісі 12,47%-ды құрады (инфляция көрсеткіші 8,3% кезінде)", делінген БЖЗҚ хабарламасында.