АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп мемлекеттік хатшы қызметіне ұсынған кандидат исламды «ұлы сенім» деп атап, белгілі бір дін және топтарға қатысты жаппай тыйым салуды қолдамайтынын мәлімдеді.
ExxonMobil компаниясының бұрынғы басшысы Рекс Тиллерсон бұл мәлімдемесін 11 қаңтарда сенаттың сыртқы істер комитетіндегі тыңдау кезінде айтты. Сайлау кампаниясы кезінде Трамп терактіні алдын алу үшін мұсылмандарды АҚШ-қа кіргізуге тыйым салуды ұсынған.
Демократиялық және Республикалық партия өкілдерінің дені бұл бастаманы сынаған.
Тиллерсон сенат мүшелеріне ExxonMobil компаниясын басқарып тұрған кезде Таяу Шығыстағы және Азияның оңтүстік-шығыс бөліктеріндегі мұсылман елдерін аралағанын баяндап, ол “бұл ұлы сенімді бағалап, мойындай бастағанын” айтты.
Ол сонымен бірге экстремистерге қатысты АҚШ үлкен қауіп-қатерге тап болып отырғанын, біз бұл мәселені “жылы жауып қоя алмаймыз” деді. “Бізге қауіп-қатерді толығымен түсініп, олардың көзін жою үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, алдын алу керек”, - деді ол.