Ақнәр ісі: Тоқаевқа жолданған үндеуден кейін полиция мәлімдеме жасады

Сағыныш Сардарова 23 мам. 2025 09:19

Алматыда жұмбақ жағдайда қаза тапқан Ақнәр Гүлстанның анасы кеше әлеуметтік желіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, үндеу жасады. Полиция осы жайттан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қалалық ПД мәліметінше, тергеу басқармасы былтыр шілдеде Алматы тұрғынының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғаған.

"Қазір болған оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талданып, куәлардан жауап алынып, бейнежазбалар зерделеніп, заңда көзделген басқа да процессуалдық әрекеттер жүзеге асырылып жатыр. Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында. Біз марқұмның туыстарының бастан кешкен қайғысына шын жүректен ортақтасамыз. Сонымен қатар, соңғы процессуалдық шешім барлық тағайындалған сараптама нәтижелерін алғаннан кейін және қажет тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін қабылданады", - деді ПД өкілдері.

Айта кетейік, кеше марқұмның анасы Гүлстан Қамит Алматы қалалық тергеу органдары мен прокуратурасы бұл істі жеңіл баппен өзіне өзі қол жұмсауға итермелеу деп бағалап, шынайы тергеу жүргізбей отырғанын мәлімдеді.

Гүлстан Қамит үндеуінде Президентке бірнеше өтініш жасады. 

"Біріншіден, Ақнәр ісі бойынша тергеуді Қылмыстық кодекстің 99 және 121-баптары бойынша қайта саралау туралы нұсқау беруіңізді, екіншіден, Алматыдағы тергеу органдарына сенімсіздік білдіре отырып, істі Астана қаласынан арнайы тергеу тобының бақылауына тапсыруыңызды сұраймын. Үшіншіден, қызымның өліміне қатысы бар күдікті тұлғаларды қамауға алуға және әділ тергеу жүргізуге ықпал етуіңізді сұраймын. Құрметті Президент мырза, өзіңіз айтқандай елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды деген сөзіңізге толық сенемін", - дейді Гүлстан Қамит. 

Еске салайық, Алматыда 2024 жылы 20 шілдеде Ақнәр Хамит көпқабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлап, қайтыс болған. Тергеу бұл оқиғаны "өзін-өзі өлтіру" бабымен тіркеген. Алайда жақындары Ақнәрдің жетінші қабаттан құлап кеткеніне сенбейді. Олардың сөзінше, марқұм қаза тапқанға дейін денесінде азаптау белгілері болған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар