Ақмола тұрғыны алаяқтардың сөзіне сеніп, баспанасынан айырылды

Ақмола тұрғыны алаяқтардың сөзіне сеніп, баспанасынан айырылды
Фото: ЖИ

Ақмола облысында 45 жастағы ер адам интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, пәтерін сатып жіберген. Бұған қоса, ол екі несие рәсімдеп, қолына түскен қаражаттың барлығын бөгде адамдардың есепшоттарына аударған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алаяқтар тұрғынмен тоғыз күн бойы байланысып, өздерін Әділет министрлігінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар ер адамды жинаған қаражатын қорғау үшін арнайы «сақтандыру шотын» ашу қажет деп сендіріпті.

Қаскөйлердің айтқанына сенген тұрғын пәтерін сатып, екі несие алған. Кейін барлық ақшаны алаяқтар көрсеткен дропперлердің банк шоттарына аударып жіберген.

Ер адам пәтерді сатып алу-сату мәмілесі тек формалды түрде рәсімделеді және баспанасы өзінде қалады деп ойлаған. Алайда ақырында ол үйінен де, ақшасынан да айырылған.

«Келтірілген жалпы материалдық шығын 7 миллион 480 мың теңгеден асты. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп, қылмысқа қатысы бар адамдар анықталып жатыр», – деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары тұрғындарды телефон арқылы өзін мемлекеттік органның немесе банк қызметкері ретінде таныстыратын бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады. Сондай-ақ күмәнді шоттарға ақша аудармауды және олардың нұссқауымен несие рәсімдемеуді ескертеді.