Ақмола облысында кәсіпкер өз қаржысына салып берген балалар ойын алаңының соңы сотпен аяқталды

Ақмола облысында кәсіпкер өз қаржысына салып берген балалар ойын алаңының соңы сотпен аяқталды
видео кадры

Ақмола облысының Волгодоновка ауылында қайырымдылыққа салынған балалар ойын алаңының соңы сотпен аяқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жергілікті кәсіпкер бірнеше жыл бұрын өз қаражатына орнатқан ойын алаңын толықтай бұзып тастаған. Бұған соттың оны ойын кезінде жарақат алған қыздың отбасына 1,25 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеген шешімі себеп болған.

Оқиға былтыр болған. Кішкентай қыз ойын алаңындағы сырғанақтан құлап, басынан жарақат алған. Баланың анасы сотқа жүгініп, ойын алаңының айналасында арнайы жұмсақ төсеніш болмағанын айтып, нысан қауіпсіздік талаптарына сай келмейтінін мәлімдеген.

Бір жылға жуық қаралған істің нәтижесінде сот талап-арызды қанағаттандырды. Ал кәсіпкер бұл шешіммен келіспейтінін айтып, сырғанақтың сертификатталған қауіпсіз материалдан жасалғанын және оқиға кезінде баланың ересектердің қарауынсыз жүргенін алға тартқан. Соған қарамастан, ол сот шешіміне бағынып, өтемақыны өз еркімен төлейтінін жеткізген.

Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік кәсіпкерге қаржылай көмек ұсынған. Алайда ол мұндай көмектен бас тартып, сот процесінен кейін балалар ойын кешені мен алаңқайды толықтай бұзған.