Freedom Inside '26

Ақмола облысында әкім қоқыс тастағандарды түбіртек арқылы анықтап жатыр

Ақмола облысында әкім қоқыс тастағандарды түбіртек арқылы анықтап жатыр
"КТК" кадры

Ақмола облысы Целиноград ауданындағы Қажымұқан ауылында қоқысты кез келген жерге тастайтын тұрғындарға қарсы күрес күшейтілді. Ауыл әкімі заң бұзғандарды анықтау үшін қоқыс пакеттерінің ішінен табылған түбіртектер мен өзге де айғақтарды пайдаланып жатқанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz "КТК" арнасына сілтеп.

Бұл тәсіл өз нәтижесін беріп отыр. Бұл жұмысқа полиция қызметкерлері де көмектеседі. Осылайша бос жатқан аумақтарға және өзгенің қоршауының маңына қоқыс тастаған үш адам кім екені белгілі болған.

Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әкімшілік хаттамалар толтырылған. Ауыл тұрғындары да рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі көбейгеніне алаңдап, бұл бастаманы қолдап отыр.

"Біздің басты мақсатымыз адамдарды жазалау емес. Ауыл тұрғындарының тазалыққа деген жауапкершілігін арттырып, мәдениетін қалыптастырғымыз келеді. Бұл жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамыз", - деді Қажымұқан ауылының әкімі Алпамыс Әбенов.