Ақмола облысында құны 47 миллион теңге болатын жағажай кәсіпкерге заңсыз өтіп кеткен

Көркем Алдабергенова 27 ақп. 2025 13:48 238

Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы шаруашылық жүргізуші субъектісіне Қосшы қаласының қалалық жағажайын орналастыру және оған қызмет көрсету үшін кадастрлық құны 47,6 млн тг болатын 1,9844 га жерді заңсыз беру фактісін анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Былтыр 2 шілдеде Қосшы қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы шарт негізінде Қосшы қаласы Сарқырама өзенінің бойында орналасқан жағажай түріндегі мүлікті 5 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берді.

Бұл ретте Қосшы қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде осы жер учаскесін пайдалану және оған билік ету құқығы болған жоқ.

Осылайша, бөлім басшысы негізсіз шарт жасасып, жерді сенімгерлік басқаруға берді.

27 қаңтарда қадағалау актісі бойынша заңсыз жасалған шарттың күші жойылып, Қосшы қаласы әкімінің 29 қаңтарда өкімімен мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін бөлім басшысына тәртіптік жаза қолданылды.

Сонымен қатар, Сарқырама мен Тайманұлы көшелерінің бойында орналасқан 5 жер учаскелерінде көпірлер мен қоршаулар орнату арқылы мемлекеттiк жер учаскелерiн заңсыз иеленіп алу фактілері анықталды.

Уәкілетті органдар жер учаскелерін қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар