Ақмола облысындағы "Көкшетау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында заңсыз аңшылықпен айналысқан азаматтарға қатысты сот үкімі жарияланды. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, үш азамат ұлттық парктің Зеренді филиалына қарасты қорғау аймағында үш елікті заңсыз атып, табиғатқа айтарлықтай зиян келтірген. Қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралған.
Айыпталушылар сот барысында кінәларын мойындамағанымен, Зеренді ауданы прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы олардың заң бұзушылыққа қатысы бар екенін дәлелдей алды.
Сот шешімімен қылмысты ұйымдастырған адам 6 жылға бас бостандығынан айырылды, ал оның екі сыбайласы 2 жыл 8 ай мерзімге сотталды. Сонымен қатар, заңсыз аңшылық кезінде пайдаланылған көлік құралы мемлекет кірісіне тәркіленді.
