Журналист Жанат Молдашова Атыраудағы қайғылы оқиғадан кейін ем қабылдап жүрген Ақбаян Мұқанғалиеваның қазіргі жағдайына қатысты жаңа мәлімет айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол бұл туралы Instagram парақшасында жазды.
Журналистің сөзінше, Ақбаянның үйіне шыққаны туралы ақпаратты ол бұған дейін туыстарынан естіген. Алайда жақындары бұл мәліметті әзірге жарияламауды сұраған.
"Ақбаян үйіне шыққан ба? Әр жерге жазып жатыр?" деп сұрап жатқандар көп. Оны кеше туыстарынан естігенмін. Арасында жақындарына хабарласып, жағдайын сұрап тұрамын. Олар үйге шыққанын айтты. Әзірге жарияламауды сұраған еді. Бірақ бүгін түрлі сайттар жазып жатыр екен", – деп жазды Жанат Молдашова.
Оның айтуынша, Ақбаянды бауырлары балаларына алып барған. Себебі ол балаларын жиі сұрап, сағынғанын айтқан. Журналист Ақбаянның балаларын танығанын да жеткізді. Дегенмен оның әлі де ем қабылдауы қажет.
"Иә, Ақбаянды бауырлары балаларына алып барған. Өйткені "Балаларым қайда? Сағындым" деп жиі сұраған. Бәрін де танып тұр дейді. Бірақ әлі ем алуы керек. Нақты диагнозы белгісіз", – деді журналист.
Жанат Молдашованың сөзінше, Ақбаянның жағдайы жақсарып, денсаулығы тұрақталса, болашақта балаларын өз қамқорлығына беру мәселесі қарастырылуы мүмкін. Алайда мұндай шешімді білім бөлімі жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Сонымен қатар журналист туыстары Ақбаянға ата-анасы мен бауырларының өмірден өткенін әлі айтпағанын жеткізді.
"Туыстары Ақбаянға ата-анасы мен бауырларының жоқтығын әлі айтпаған. Ең ауыры осы. "Халықтан қандай қолдау керек, айтыңыздар. Мен елге жеткізейін" дедім", – деп жазды Жанат Молдашова.
Айта кетейік, журналист таратқан бұл мәлімет Ақбаян Мұқанғалиеваның туыстарының сөзіне негізделген.