Журналист әрі заңгер Ләззат Асанова Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы "Батон-2" жекеменшік балабақшасына 2017–2025 жылдар аралығында бюджеттен шамамен 1,3 млрд теңге аударылғанын мәлімдеді. Ол бұл қаражаттың бөлінуіне қатысты деректер ресми тексеруді қажет ететінін жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналистің қолындағы ақпаратқа сәйкес, аталған кезеңде аудандық білім бөлімін басқарған Шұға Тұрмағанбетқызы мен "Батон-2" бөбекжай-балабақшасының басшысы Айсұлу Тұрмағанбетқызы туған апалы-сіңлілі болуы мүмкін.
"Ордабасы ауданында заңды бұзып, қаражатты аудара беру ме? Неге заңдылық сақталмайды? Мен осы мәселе бойынша екінші рет келіп тұрмын. Маған жеткен ақпаратқа сәйкес, Шұға Тұрмағанбетқызы бөлімді басқарып отырған кезде “Батон-2” балабақшасына 1 миллиард 300 миллион теңге аударылған. Ал Айсұлу Тұрмағанбетқызы – оның туған сіңлісі. Бұл заңды ма?", – деп сұрады Ләззат Асанова аудандық білім бөлімінің өкілінен.
Білім бөлімінің өкілі кәсіппен айналысуға заң жүзінде шектеу қойылмайтынын айтып, туыстық қатынастарға қатысты мәліметтерді мекеме тексермейтінін жеткізді.
"Әркімнің кәсіппен айналысуына шектеу қойылмайды. Оның қандай туыстық қатынасы бар екенін біз тексермейміз", – деді ол.
Алайда бөлім өкілі бұрынғы басшы мен балабақша жетекшісінің туыс екенін білмегендерін айтты. Сондай-ақ Шұға Тұрмағанбетқызы тарапынан ықтимал мүдделер қақтығысы жөнінде жазбаша хабарлама түспегенін растады.
Ләззат Асанова қаржы аудару рәсімінде электронды цифрлық қолтаңбаның қолданылатынына назар аударып, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуі керек екенін айтты.
"Бұл жерде мүдделер қақтығысы болды. Комиссия жұмыс істеген күннің өзінде ақша ЭЦҚ арқылы аударылады. Ол кезде ЭЦҚ Шұға Тұрмағанбетқызының атында болған. Ал жекеменшік “Батон-2” балабақшасының басшысы Айсұлу Тұрмағанбетқызы еді. Енді осы мәселе бойынша арыз жазасыздар ма, әлде үнсіз қаласыздар ма?", – деді журналист.
Білім бөлімінің өкілі бұл ақпараттың Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне жолданатынын мәлімдеді.
Журналист бұған дейін де мәселені жариялағанын, алайда жауап алмағанын айтты. Сонымен қатар ол балабақшаға қатысты кейбір қабылдау актілерінің кешкі сағат 21:00 шамасында рәсімделгеніне назар аударды.
""Батон-2" балабақшасына қатысты қабылдау актілері сағат 21:00 шамасында рәсімделіп отырған. Бұл уақыт жұмыс уақытына кіре ме?", – деп сұрады ол.
Бөлім өкілі сағат 21:00-дің жұмыс уақытына жатпайтынын растағанымен, құжаттардың неліктен кешкі мезгілде рәсімделгеніне нақты жауап бермеді.
Ләззат Асанова бюджет қаражатын кім бөлгенін, тиісті құжаттарға кім қол қойғанын және қаржының жұмсалуын қандай орган тексергенін анықтауды талап етіп отыр.
"Егер бәрі заңды болса, құжаттарын жарияласын. Заң бұзушылық болса, жауапты тұлғалар жауап берсін. 1,3 миллиард теңге – бір әулеттің емес, халықтың ақшасы. Осынша жыл бақылаушы органдар қайда қарады?", – деп жазды ол.