Әнуар Жанғозин: "Елорда мектептерінде күзет күшейтіледі"

Dalanews 07 қыр. 2019 16:38 695

Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин қырағылығы үшін №83 мектептің қызметкері Любовь Шаукалованы  марапаттады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Любовь Шаукалова кеше 5 қыркүйек күні №83 мектептің ауласында студент қызды зорламақ болған жәбірлеушіні ұстап, қайғының алдын алған болатын.

Мектеп шаруашылығының қызметкерін марапаттаған Білім басқармасының басшысы оның қырағылығы мен жауапкершілігін ерекше атап өтті.

«Ол мектепте, білім беру ұйымында істейтін адам ретінде өзінің азаматтық ұстанымын көрсетті. Біз мектепте осындай адамдардың жұмыс істейтініне қуаныштымыз. Бұл барлық мектептерге үлгі, қайда және кім болып жұмыс істесең де, балалардың өмірі үшін жауаптысың», - деді Жанғозин.

Любовь Шаукалованың айтуынша, оның орында болса кез келген адам солай істер еді.


«Мен сол уақытта керек жерден табылдым. Керемет ештеңе істеген жоқпын. Өзімді батыр санамаймын», - деді ол.

Бүгінде ата-аналар мектеп басшылығына қауіпсіздік шараларын күшейтуді сұрап, өтініш жазған.

«Біз мектеп күзеттерін күшейтеміз. Мүмкін, бекеттер санын көбейтетін шығармыз. Мектеп директорларымен кездесіп, мәселені талқылаймыз», - деді Әнуар Жанғозин.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар