Жасанды интеллект саласындағы америкалық Anthropic компаниясы Nasdaq-тағы IPO арқылы $100 млрд-қа дейін қаржы тартып, компания құнын шамамен $2 трлн-ға жеткізуді көздеп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Reuters мәліметінше, Anthropic IPO-ға Nvidia компаниясын негізгі инвесторлардың бірі ретінде тарту жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Nvidia бұл мәмілеге $10 млрд-қа дейін инвестиция салу мүмкіндігін қарастыруда. Алайда келіссөздер әлі аяқталған жоқ және оның шарттары өзгеруі мүмкін.
Anthropic IPO өткізу алаңы ретінде Nasdaq-ты таңдаған. Егер жоспар жүзеге асса, бұл тарихтағы ең ірі алғашқы жария орналастырулардың біріне айналуы мүмкін. Компания листингті АҚШ-та қарашада өтетін аралық сайлауға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Financial Times мәліметінше, Anthropic IPO проспектісін инвесторлардың шағын тобына алдын ала көрсетіп, олардың сұрақтарына жауап беруді жөн көрген. Компанияның жария нарыққа шығу жоспары әзірге түпкілікті бекітілген жоқ.
Anthropic-тің Nvidia-мен байланысы бұған дейін де нығайған. Reuters мәліметінше, 2025 жылдың қарашасында Nvidia компанияға $10 млрд-қа дейін инвестиция салуға ниетті екенін мәлімдеген. Ал Anthropic Nvidia чиптерімен жұмыс істейтін Microsoft Azure бұлттық есептеу қуатына $30 млрд жұмсауға міндеттеме алған.