Аңшылыққа шығып, үйіне оралмады: Ақтауда қаза болған ер адамның өліміне қатысты сұрақ көбейді

Аңшылыққа шығып, үйіне оралмады: Ақтауда қаза болған ер адамның өліміне қатысты сұрақ көбейді
Көрнекі фото: Obradovic / Getty Images

Ақтауда аңшылыққа шыққан Аслан Қыдырбаев қайғылы жағдайда көз жұмды. Марқұмның өліміне қатысты туыстарының көкейінде жауапсыз қалған сұрақ көп. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады dalanews.kz.

Журналистің жазуынша, Аслан Қыдырбаев аңшылыққа шығып, кейін үйіне оралмаған. Қайғылы жағдайдың нақты қалай болғаны әзірге толық айтылмай отыр.

Марқұмның жақындары аңшылық кезінде не болғанын және Асланның қандай жағдайда қаза тапқанын анықтағысы келеді. Сондай-ақ олар оқиғаға бірге барған азаматтардың берген түсініктемелеріне қатысты да бірқатар сауал барын алға тартқан.

Руслан Өтепбай алдағы журналистік зерттеуінде бірнеше мәселеге назар аударылатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, аңшылық кезінде нақты не болғаны, қайғылы оқиғаның қандай жағдайда орын алғаны және Асланмен бірге болған азаматтардың оқиғаға қатысты не айтқаны сөз болмақ.

Журналист сондай-ақ аталған азаматтардың тергеу барысында берген түсініктемелері не себепті бірнеше рет өзгергені де зерттеуде көтерілетінін жеткізді. Алайда бұл жайттарға қатысты құқық қорғау органдарының ресми қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.

"Аңшылық кезінде нақты не болды? Қайғылы оқиға қалай және қандай жағдайда орын алды? Олар неге тергеуге берген түсініктемесін бірнеше рет өзгертті?" – деп жазды Руслан Өтепбай.

Журналист Аслан Қыдырбаевтың өліміне арналған зерттеуінің толық нұсқасын YouTube арнасында 26 тамыз күні сағат 15:00-де жариялайтынын хабарлаған.