Англияда 2672 қазақ жан бағып жүр: Британияны «станнан» келгендер жаулай бастады

Dalanews 16 там. 2023 02:51 1556

Қазақтар неге Англияны төңіректей бастады? Seasonal worker визасының басымдығы неде? Ағылшын фермерлері қанша төлейді? Жұмысшы визасын қалай алуға болады?

DALA INSIDE телеграм арнасы осы тақырыпқа тереңірек үңілуге тырысыпты.

Соғысқа дейін Англиядағы "маусымдық жұмысты" негізінен Украинаның қыз-келіншектері мен ер-азаматтары атқарған екен.

Мәселен: 2021 жылы 19 мың украин азаматы осы визаның мүмкіндігін пайдаланып, ағылшын фермерлерінің бау-бақшасын қорыған.


Путин шапқыншылығы украин халқын қолына қару алуға мәжбүр етті. Салдарынан жазғытұрым Англияға ағылатын жұмысшылардың саны да айтарлықтай азайған.

Былтыр Seasonal worker визасы арқылы 7300 украин азаматы "қарға қууға" келген. Бұл адам күшіне мұқтаж Англияның фермерлері үшін жеткіліксіз. Жергілікті тұрғындар мұндай жұмысқа бара бермейді. Соғыс та ұзаққа созылатын сыңайлы.

Енді не істемек керек?

Тығырықтан шығу үшін осы елдің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты департаменті (қысқаша DEFRA) Орта Азияға мойын бұрады. Өз еліндегі жоқшылық пен таршылықтан қажыған қазақ, өзбек, қырғыз Англияға ағылады.

DALA INSIDE осы елдің ?? Ішкі істер министрлігінің мәліметтер базасына үңіліп, ағылшын жерінде қанша қазақ жүргенін анықтауға тырысты. Еңбегіміз еш кеткен жоқ.

Тап қазір ағылшын елінде 2672 қазақ жүр. Былтырғы Seasonal worker визасынан осынша жолдама бұйырған. Қырғыздардың саны бізден екі есе көп (4341 адам). Өзбектер де аз емес (4233 адам). Тәжіктер де 4 мыңға жетеқабыл (3894).


Өткен жылғы «seasonal worker-ден» берілген 34 500 визаның 44 пайызын Орта Азиядан келген жұмысшылар «иемденіп» кеткен. Англияны «станнан» келген жұмыс күші жаулап алды деуге негіз бар.

DALA INSIDE-тың пайымдауынша бұл үрдіс Кремльдің Орта Азиядағы ықпалын әлсіретеді. Өзбек пен қырғыз, тәжік мигранттары үшін Ресей нарығының тартымдылығы төмендейді. Олар Батыстың құндылықтарын бойына сіңіріп оралады...

Орыстар ше? Олар өзінен көрсін. «Seasonal worker» визасының дәмін татып, қызығына кіре бастаған шақта (2021 жылы 2200 ресейлікке жолдама берілген) Путин шатақ шығарды. Британия агрессор елдің азаматтарына берілетін жолдама санын күрт қысқартып, жұмыс іздеп келген жүздеген орысты келген ізімен кері қайтарған. Былтыр бұл визаға бар болғаны 500 ресейліктің өлдім-талдым дегенде қол жеткен.

Ал шетелге кеткісі келетін қазақтар мына мүмкіндікті мүлт жібермеуі тиіс:


Келер жылы Seasonal worker визасы арқылы берілетін жолдама саны ұлғаяды. Бұл үшін премьер Риши Сунакқа арнайы алғыс айту керекпіз. Жонсон үкіметі маусымдық жұмыстың ережесін қайта қарап, квота санын қысқартпақ болған. Оның орнын басқан Сунақ (құдай тілеуіңді берсін) керісінше квота санын көбейтуге шешім қабылдады.

Биылдыққа берілген жолдама саны 45 мың виза. Алдағы жылы да осы көлемдегі квота беріледі. Қажет болған жағдайда Сунак үкіметі жолдама санын тағы 10 мыңға ұлғайтады. Бұл тек бау-бақшамен байланысты виза, бұған қоса құс шаруашылығынан хабары бар қазақтарға арнап қосымша 2 мың жолдама бөлінген.

Ағылшын фермерлеріне жалданып, тәуір табыс табуға мүмкіндік беретін жолдаманы Англияның Ішкі істер министрлігі таратады. Көші-қон критериімен осы тұстан таныса аласыз.

Seasonal worker визасы аты айтып тұрғандай маусымдық жолдама. Британияда тұру уақытыңыз шектеулі (6 ай), премьер Сунактан жеңілдік талап етіп, пикет өткізе алмайсыз, отбасыңызды әкелуге де рұқсат етілмейді.

Маусымдық жұмысшылардың қағаз-құжатын рәсімдейтін ресми тіркелген 6 оператор бар. Бұлар:

AGRI-HR
Concordia
ethero (trading as TELPASC)
Fruitful Jobs
HOPS Labour Solutions
Pro-Force

Ағылшындар маусымдық жұмысшыларды осылар арқылы жалдайды. Британдар біздей емес, виза рәсімдеумен айналысатын компанияларға қатаң талап қойған.

Жалғасын осы тұстан оқуыңызға болады: https://t.me/dalainside/1427

 

Сурет: Азаттық рухы сайтынан

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар