Алименттен жалтарғысы келген Бишімбаев мүліктерін басқа адамдардың атына рәсімдеген

Қаракөз Амантай 05 мау. 2025 14:26

Өз жұбайын өлтіргені үшін сотталған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев алимент төлемдерін азайту үшін өзіне тиесілі мүлікті үшінші тұлғалардың атына жазып берген. Бұл қадам оның үш баласына төленетін алимент мөлшерін төмендетуге бағытталған еді. Алайда бұл әрекеті өзіне қарсы жұмыс істеп, соттың назарынан тыс қалмады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Назым Қаһарманның мүддесін қорғап жүрген адвокат Бибінұр Мұратованың айтуынша, бұл жағдай 2020 жылы басталған. Сол жылы Бишімбаев пен оның бұрынғы жұбайы үш ортақ баласына алимент төлеу туралы келісімге келген.

Алайда арада бірнеше жыл өткен соң, бұрынғы министр кенеттен сотқа жүгініп, өзінің қаржылық жағдайы өзгергенін айтып, алимент мөлшерін азайтуды сұраған.

“Заңнама бойынша, материалдық жағдайдың өзгеруі алимент көлемін қайта қарауға негіз бола алады. Бірақ бұл – міндетті түрде өзгерту керек деген сөз емес. Сот барысында Бишімбаевтың әлі де мүлкі бары анықталды. Ол қылмыстық іс қаралып жатқанда бұл мүліктерді басқа адамдардың атына сыйға тарту шартымен рәсімдеген”, – деді адвокат Мұратова.

Яғни, Бишімбаев қағаз жүзінде «кедейленіп», балалары алдындағы міндеттемелерден жалтаруға тырысқан. Бірақ бұл қулығы сотқа жүрмеді.

“Ол өз өтінішінде алимент мөлшерін бірнеше есе азайтуды сұрады. Дәл соманы жариялай алмаймын, бірақ өтініші тым үлкен жеңілдікке бағытталған болатын”, – деп түсіндірді адвокат.

Сот Бишімбаевтың әрекетін өз балаларынан алименттік жауапкершіліктен жалтару әрекеті деп танып, талап-арызын қанағаттандырмады. Енді бұрынғы министр барлық үш баласы кәмелет жасқа толғанға дейін толық көлемде алимент төлеуді жалғастырады.

Еске салайық, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман оны ата-ана құқығынан айыруды талап етіп, Жоғарғы сотқа жүгінді.

Аталған арыз бойынша Жоғарғы сот әзірге шешім шығарған жоқ.

Сонымен қатар сәуір айында Бишімбаев алимент төлеуден бас тартқысы келгені белгілі болды. Ол табыс көзі жоқ екенін алға тартып, алимент туралы бұрын жасалған келісімді бұзуға ниетті.

"Бишімбаевтар тарапынан алимент төлемін азайту мақсатында келісімді қайта қарау туралы өтініш түсті. Ақша жоқ деген уәж айтты. Қазір іс қаралып жатыр. Әрине, біз мұнымен келіспейміз", – деді Назым Қаһарман.

Еске салайық, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман Бишімбаевтың отбасы балаларға алимент төлеуден бас тартқанын жеткізген еді. Ақпаратты Tengrinews.kz жазды.

Оның сөзінше, алимент үнемі кешіктіріліп төленген, ал алимент туралы келісімде қарастырылған кейбір шығын мүлдем өтелмеген.

"Былтыр демалыс үшін ешқандай ақша төленбеді. Психологтың қызметтері үшін де ақы төленбеді, бірақ біз оған бірнеше рет жүгіндік. Мен төлеген барлық соманы Ғазымжанов мырзаға жібердім (Қуандық Бишімбаевтың адвокаты - еск.), бірақ олар мұны елемеді. Денсаулық туралы айтпай-ақ қояйын, дәрігерге көрінгеніміз, дәрумендер, дәрі-дәрмектер төленбеді", - деді ол.

Ол 2020 жылы ажырасу кезінде алимент туралы келісім жасалғанын жеткізді. Оның айтуынша, Қуандық Бишімбаев алдымен қаржылық жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екеніне сендірген, бірақ кейін бұл туралы оның адвокатына үнемі еске салып отыруға тура келіпті.

"Наурызда алимент төленбеді. Азды-көпті жүйелі түрде төлемдер былтыр қараша-желтоқсанда ғана түсе бастады", - деді Назым Қахарман.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар