Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырмыз

Dalanews 10 қаз. 2018 06:42 1926

Шер-ағаның шығармаларымен сусындап өскен ұрпақ Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның арасындағы  «Елім, сен тыңда, Елбасы, саған айтамын» тақырыбында елдік мәселелерді сөз өткен мақалалар жинағын оқымауы мүмкін емес.




Dalanews.kz осы топтамадағы Шер-ағаңның Камал Смайыловқа жазған жауап хатын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

...

Камалға хат.  

 Камал дос! «Егемен Қазақстанда» жарык көрген «Қазақстан. XXI ғасыр» атты көлемді мақалаңды оқып (25-маусым, 1996 ж.), көңілім әр саққа жүгірді.

Бір себептен сүйсіндім.

Бір себептен... күмәндімін.

 Сүйсінгенде, алғырлығыңа, журналистік тапқырлығына сүйсінемін. Біз болсақ, «Қазақстан ұлан-байтақ, Қазақстан бай» деген жалпы ұғыммен сөйлейміз.

 Сен болсаң, сол байлықты нақты цифрлармен сөйлетесің. Цифрлар сенің құлдыраңдап жүгіріп жүрген жиендерің сияқты.

Тіпті жердің жеті қат астында жатқан байлықтын бәрін грамдап өлшеп, есепшотты сарт-сұрт еткізіп, тиынына дейін шығарып қоясың.

 Сөйтесің де «Қазақстан қазба байлықтары — 10 триллион доллар!» — деп бір-ақ тоқ еткізесің.

Ал енді дәл 10 триллион екеніне күмәнім бар. Бәлкім, 100 триллион шығар?..

Камал!

 «Сарыарқа мен Атырау, Алтай мен Қаратау қойнаулары нағыз алтын сандық екен. Соның кілті енді еліміздің қолына еркін тиді» — деп жазыпсың.

Соны енді біліп жүргендей, «екен» дегенің неткенің? Ал сол сандықтың «кілті енді еліміздің қолына еркін тиді»,— деп алақайлағаныңа жол болсын! Онда біз сол алтын сандықтың үстінде неге жалаңбұт отырмыз?


 Ашпаймыз ба сандықты? Малмаймыз ба қолымызды алтын-күміске? Оптимист, ақкөңіл, аңқылдақсың, Камал!

Адам ой-азаптан азып-тозбас үшін осындай касиет те керек шығар. Камал! Сен де, мен де жас кезімізде Қарағандыда жұмыс істедік.

Шахталарға түстік. Журналистік азап істің казанында пістік. Қазір сол Қарағандының шахталарын ағылшындар жалға алып жатыр.

Сол өлкеде біздің алдымызда кызмет етіп, «Менің кұрдастарым» атты тамаша кітап жазған Саттар Ерубаев, жаның жаннатта болғыр, бір кезде Қарағанды шахталарын билеген Хопкинс атты ағылшынның жергілікті халықты   қалай қанап, қалай тонап, қалай қорлағанын жазбаушы ма еді. Қалай ойлайсың, Камал, сол сойқан тағы соқпай ма?

 Мысалы, Ресейге жалға кеткен Байқоңырдан қазір оқтын-оқтын, еміс-еміс бір ызалы, өкінішті үндер естілгендей болады.

Ата-бабасынан бері қарай мәңгі-бақи сол жерде өмір сүріп келе жатқан қазақтарға Ресейдің азаматтығын алмаса, жұмыс бермейтін көрінеді.


Өз еліңде, өз жеріңде отырып Ресейдің азаматтығын ал, әйтпесе, қайқайып тұр. Екінің бірі. Мүмкін, сенде басқа деректер бар шығар.

 Лайым, менің естігенім қате болғай. Бүған қалай қарайсың? Өзің айтқан «майлы жілікті жақсы көретіндер» көбейіп кетті.

Бұл ненің нышаны? Шетелге жалға, несиеге бергенсіп, қандай бір өзіміздің алпауыттар нелер ірі кәсіпорындарды өздері солқылдатып сорып жатыр деген сөз бар.

Одан не білесің, Камал?

Баяғы Хрушевтың заманында, өзің айтқандай, 25 миллион (бір деректерде 30 миллион) гектартың жер көтерілді.

Сен соның 10 миллионын астықтан босатып, жайылым жасаса дейсің. Сонда мал басы көбейер еді дейсің. Ниетіңнен айналайын. Жүрегіңнен айналайын. Жүрегің таза, ақ қой.


Әйтпесе, сол сен астықтан босататын 10 миллион жер енді қайтып жайылымға жарау үшін ең кемінде 100 жыл керек екенін сен білер едің ғой. Ол жердің аналық кұнары, асыл топырағы әлдеқашан аспанға ұшып кеткен. Қайтып қалпына келуі үшін сен айтып отырған XXI ғасырдың көлемі жете ме, жетпей ме, Құдай білсін. Ол жерге шүйгін шөп шығу үшін кұйқа керек. Сол құйқа жоқ қой!

«Жер-Ана» деген ұлы ұғым орыстарда да бар. Бірақ сөйте тұра, сол Ананы бағындырамыз! — деді. Есінде ме сол ұран?

Біздің газеттердің аншлагы, маңдайшасы болатын. Бақандай-бақандай әріптермен терілетін.

О заманда — бұ заман, өз Анасын бағындыратын адам бола ма екен?!

Сөйтіп, ұлы Анамыздың көйлегі жыртылды, омырауы айғыз-айғыз болды. Жүз жылдық жара түсті. Дүниежүзілік ұятка қалдық.

Ал сен болсаң Қазақстанның  жерінде бір миллиард адамды асырай алатын өнім алуға болады дейсің. Аузыңа май!

Сен айтасың: аздаған су болса, химикат болса... деп. Баяғыда бір кедей: шіркін, қос уыс ұн табылса, қол басындай май табылса... бауырсақ пісіріп жер едім деген екен.

Кешір, Камал, сен соған ұқсайсың.

«Қазақстан жері бір миллиард  адамды асырайды», - дегеніңді окып алып. Әлдекімдер: соншама жерде қазір небары он алты-ақ миллион жан тұрады екен.


Қалғанын біз барып толтырсақ  қайтедідегі жүрмес пе екен? Қазақстан жеріне қашаннан көз алартушылар аз емес еді ғой.

 Қазақтың дүркін-дүркін қырылып, өспей қалғанының бір қырсығы — осыншама жерге өзгелердің өзеурей қарағандығынан емес пе еді.

 Әлі де бар ғой. Горбачев, Солженицын, Жириновский дегендер Қазақстанның жерін қашан аламыз деп құзғын тазқарадай құлқың қағып отырған жоқ па?

Жалпы, мақалаң тұтастай алғанда дерекке бай. Қазіргі кезде оқулықтар жетпей жатқан мектептерге сабақ болатындай.

Оқулық дегеннен еске түседі. Өзің Журналистер одағын басқарасың.  Қолында нақты деректерің бар шығар, осы біздің қазақ тілінде шығатын басылымдардың бәрі жиналып бір «Караванның» таралымына жетер ме екен?

Сонда қалай болады, мектепке оқулық жетпесе, қалың жұрт газет-журналдан мақрұм қалса, кітаптың таралымы бес мың.

Бір кезде таралымы 250.000-ға таяған «Жұлдыздың» таралымы казір төрт мыңнан сол-ақ асса — халык, әсіресе жас буын білімді қайдан алады? Радио, теледидар бар ғой дерсің.

Теледидарда, құдайға шүкір, каналдар көбейді. КТК-ны қаламасаң, ТАҢ бар, ТОТЕМ бар, тағысын тағылар. Бірақ оның бәрі орысша ғой.


Мәскеудің қос каналын ашып қал — ол да орысша. Қазақшаның там-тұмы, басқалардың тамтығы — Қазақ ТV, ХАБАР дегенде ғана бар.

 Жас сәбидің бойына ұлттық қасиет анасының сүтімен, тілімен кіреді. Ал оның күндіз-түні көргені Батыстың баяғыда жеріген тастандысы...

 Мұның бәрі айтылмай, жазылмай жүрген жоқ. Екеуміз бір жылдын төлі едік қой. Анда-санда сырымды, пікірімді саған айтпағанда, кімге айтамын... Айтпақшы, Малаховтан не хабар?        

 Шерхан МҰРТАЗА,  

12-шілде, 1996 жыл

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар