Кездесу «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында өтті. «Қорғау Астана» жеке қорының басшысы Анна Рыль үйде зорлық-зомбылықты бастан кешкен және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар үшін пананы кеңейтуге көмек қажет екенін атап өтті.
– Біз тұрғындар тап болған әрбір оқиғаға бар жауапкершілікпен қарап, аяғына дейін жұмыстанатын кейс ретінде қабылдаймыз. Орталықта адамдар 6 айға дейін тұра алады. Орталыққа келушілермен психологтар жұмыс істейді, – деді орталық жетекшісі.
«Дос» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің өкілі Ардақ Отарбаев жол-көлік оқиғасынан кейін мүгедектер арбасына отырған. Алайда би жарыстарында өнер көрсетіп, қоғамда белсенділік танытып жүрген жандардың бірі.
Қала әкімі Алтай Көлгінов барлық мүгедек жандардың жүріп-тұруына кедергілерді алып тастау қажеттігін, «қала тұру үшін қолайлы болуы тиіс» деп атап өтті.
Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастыру шаралары туралы GreenTAL жетекшісі Эмин Аскеров айтып берді. Сондай-ақ, кеңесте «28 петель» клубының жұмысы талқыланды. Аталмыш клуб шала туған балаларға киім-кешек тігумен айналысады.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов қатысушыларға алғысын білдіріп, бірлесе жұмыстануға шақырды. Өз ұсыныстарын айтып жеткізді.
– Мен әрбір сөз сөйлеушіден нақты ұсыныстар мен жобаларды естігеніме өте қуаныштымын. Біз бірге жұмыстанып, көптеген игі істерді бірлесе атқара аламыз. Биыл белсенді ҮЕҰ саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артты – 273-тен 471-ге дейін. Қоғам үшін пайдалы жобаларды ілгерілететін ҮЕҰ бар екені қуантады. Президент 2020 жылды еріктілер жылы деп жариялады. ПИК жұмыстарын жақсарту үшін бірлесіп жұмыс жасауды ұсынамын. Өйткені ПИК-жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру. Маңызды нәтижелерге қол жеткізе аламыз. Сондай-ақ қалалық қоғамдық кеңістікті дамытумен бірлесе айналыса аламыз, – деді қала әкімі А. Көлгінов.