Freedom Inside '26

Алматылық әйел көзінің түсін өзгертемін деп мүгедек болып қала жаздады

Алматылық әйел көзінің түсін өзгертемін деп мүгедек болып қала жаздады
pixabay.com

Алматы қаласының тұрғыны көзінің түсін өзгерту үшін шетелге барып, жасатқан операциядан кейін ауыр асқынуларға тап болды. Соның салдарынан әйелдің көру қабілеті күрт нашарлап, I топтағы мүгедектікке шығуына тура келген, деп хабарлайды dalanews.kz

Дәрігерлердің мәліметінше, операциядан кейін науқаста глаукома мен көздің мөлдір қабығының бұлдырлануы дамыған. Нәтижесінде бір көзі мүлдем көрмей қалса, екінші көзімен тек жарықты ғана ажырата алған.

Көмек іздеген әйел Қазақстандағы және шетелдегі бірнеше медициналық мекемеге жүгінгенімен, ешбір маман оның көру қабілетін қалпына келтіруге тәуекел етпеген. Жалғыз үміт ретінде жарықты сезу қабілеті сақталған көзі қалған.

Күрделі жағдайды Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының офтальмолог дәрігері Гүлзат Әбдірайымова өз бақылауына алған.

«Гүлзат Әбдірайымованың күрделі операцияларды сәтті жасайтынын естіген соң, дәл осы дәрігерге жүгінуді жөн көрдім. Маған қайтадан жарық дүниені көруге мүмкіндік берген кәсіби біліктілігі үшін дәрігерлерге зор алғысымды білдіремін», – дейді пациент.

Мамандардың айтуынша, науқастың жағдайын көзішілік қысымның өте жоғары болуы одан әрі қиындатқан. Операция барысында экспульсивті қан кету қаупі жоғары болған. Мұндай асқыну көру қабілетінің толықтай жоғалуына әкелуі мүмкін еді.

Соған қарамастан дәрігерлер жарықты сезу қабілеті сақталған көзді аман алып қалуға шешім қабылдаған. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған күрделі операция барысында антиглаукомалық хирургиялық араласу жасалып, мөлдір қабыққа трансплантация жүргізілген.

Нәтижесінде көзішілік қысым төмендетіліп, операцияға дейін тек жарықты ғана ажыратқан көздің көру қызметі қалпына келтірілген. Хирургиялық емнен кейін пациент қайтадан көре бастаған.

Қазіргі уақытта әйел дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, оңалту курсынан өтуде.