Алматыда жедел жәрдем қызметкерлеріне пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен екі ер адам ұсталды

Алматыда жедел жәрдем қызметкерлеріне пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен екі ер адам ұсталды
pexels.com

Алматыда екі ер адам өздеріне жедел жәрдем шақырғаннан кейін келген медицина қызметкерлеріне пышақпен қоқан-лоқы көрсеткен. Оқиға туралы жедел жәрдем бригадасы полицияға хабарлаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға орнына – Қазыбек би мен Бәрібаев көшелерінің қиылысына патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік инспектор жедел жетті. Тәртіп сақшылары екі күдіктіні де ұстап, полиция бөліміне жеткізді.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар есірткілік масаң күйде болған. Олардың айтуынша, дәрігерлер келгенге дейін синтетикалық есірткі қолданған.

Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта полицейлер болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтап жатыр. Атап айтқанда, күдіктілердің қолындағы пышақтың қайдан шыққаны және оны өздерімен бірге алып жүрген-жүрмегені тексерілуде.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, әрбір қатысушының әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шешім қабылданады.