1 шілде күні Алматыдағы Райымбек даңғылында салынып жатқан BRT желісі учаскесінде жедел жәрдем көлігі мен электровелосипедтің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, 2004 жылы туған жігіт, болжам бойынша курьер, оқиға орнында көз жұмған. Соққыдан кейін оның электровелосипеді жедел жәрдем көлігінің астында қалған.
Куәгерлердің айтуынша, электровелосипед жүргізушісі арнайы дабыл шамдары қосылып тұрған жедел жәрдем көлігіне қарсы бағытқа шығып кеткен. Апат болған жол бөлігі қазір құрылыс кезеңінде. Онда уақытша қозғалыс сызбасы енгізілген, алайда жаңартылған жол белгілері мен жолақтары әлі толық орнатылмаған.
Қазіргі уақытта жол апатының нақты мән-жайы мен қатысушылардың жауапкершілік деңгейін құқық қорғау органдары анықтап жатыр.