Алматыда "Tarlan" футбол клубының заманауи спорттық академиясының құрылысы басталады. Жоба толықтай жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Академияны "АлматыМетроҚұрылыс" АҚ-ның иесі Қайрат Реимов салады. Кешен шамамен 4 гектар аумақта бой көтереді. Жоба аясында трибунасы бар және қарапайым екі толық өлшемді футбол алаңы, жабық манеж, тәрбиеленушілерге арналған қонақүй мен 500 оқушыға лайықталған жалпы білім беретін мектеп салынады", - деп жазды журналист.
Жаңа академияға Қазақстаннан және шетелден дарынды жас футболшылар қабылданады. Клуб басшылығы талантты балалардың оқуына, тұруына және жаттығуына қажетті барлық жағдайды жасап, шығынды өз мойнына алмақ.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – негізгі ғимараттың төбесіне түнде жарықтандырылатын алып футбол добы орнатылады. Ол қаланың басқа бөліктерінен де көрінетін болады.
Айта кетейік, "Tarlan" балалар футбол клубы былтыр құрылған. Команда бүгінде ел ішіндегі және халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсетіп жүр.