Алматыда суицидтің алдын алу жұмыстарын күшейту мақсатында ведомствоаралық комиссия құру жоспарланып отыр. Тиісті жоба қалалық мәслихат сессиясында таныстырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Құжатқа сәйкес, жаңа комиссия мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдардың жұмысын үйлестіріп, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға бағытталады.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, бүгінде суицидтің алдын алу – психикалық денсаулық саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе Президенттің, Үкіметтің және Денсаулық сақтау министрлігінің ерекше бақылауында.
Комиссия 2026–2028 жылдарға арналған жол картасының орындалуын үйлестіріп, әрбір суицид дерегінің себептерін талдап, оның алдын алуға бағытталған жүйелі шешімдер әзірлейді.
Жобаға сәйкес, комиссияның жұмысына қосымша бюджет қаражатын бөлу көзделмеген.