Алматыда жаңа оқу жылы басталғанда жолдағы кептеліс күшеюі мүмкін. Осыған байланысты қала әкімдігі бірқатар шара қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
1 қыркүйекте 60 мектепке қызмет көрсететін 300 мектеп автобусы 13 мыңнан аса баланы тасымалдайды. Мектеп маңында, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және көлік көп жүретін учаскелерде 470 полиция қызметкері кезекшілік етеді.
Алғашқы екі аптада қоғамдық көлікке қосымша 500 автобус шығарылады. Ал метро құрамдары 11-ден 13-ке көбейіп, таңертеңгі уақытта пойыздар арасындағы аралық үш минутқа дейін қысқарады.
Сондай-ақ, қыркүйектің алғашқы аптасында жүк көліктерінің қозғалысына бақылау күшейтіледі. Салмағы 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне белгіленген учаскелерде таңғы 7:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жүруге шектеу қойылған.
1-5 қыркүйек аралығында әкімдіктің бірқатар қызметкері қашықтан жұмыс істейді. Сонымен қатар, қала орталығындағы ірі компаниялар мен банктерге қызметкерлерінің бір бөлігін уақытша қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру немесе жұмыс уақытын икемді ету ұсынылды.