Freedom Inside '26

Алматыда қаза тапқан 12 жастағы баланың өліміне қатысты тың дерек айтылды

Алматыда қаза тапқан 12 жастағы баланың өліміне қатысты тың дерек айтылды
Dalanews.kz коллажы

Алматыда қайтыс болған 12 жастағы балаға қатысты жаңа мәлімет жарияланды. Марқұмның әжесі журналист Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, оқиғаның отбасы үшін ауыр соққы болғанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әйел немересінің өліміне қатысты күдікті әрекетін түсіне алмайтынын жеткізіп, көз жасына ерік берген.

"Қылмыскерді 15 пайыз ғана түсінемін. Немеремді жануарды өлтіргендей пышақтап тастаған. 6-сыныптың қызы екеуін төбелестіріп қарап отырған. Ол әлі кішкентай қыз ғой, сабақ оқуы керек. Қылмыскер бала "мен сені былай жеңбесем, басқаша жеңем" деп өлтірген сияқты", – деді марқұмның әжесі.

Руслан Өтепбай бұл оқиғаға арналған бағдарламаның толық нұсқасы бүгін жарияланатынын хабарлады. Журналист жазбасында 12 жастағы баланың өліміне кім кінәлі екені, күдіктілердің не айтқаны және балалар психикасына қандай ойындар қауіпті болуы мүмкін деген сұрақтар көтерілетінін атап өтті.

Белгілі болғандай, қайғылы жағдай 10 маусым күні Алматы қаласында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 6-сынып оқушысына бірнеше рет пышақ жарақаты салынған. Жарақат салдарынан бала оқиға орнында көз жұмған.

Полиция дерегінше, қылмысқа күдікті ретінде 13 жастағы жасөспірім ұсталған. Оның марқұммен бұрыннан таныс болғаны және екеуінің бір ортада жүргені айтылды.

Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, қайғылы оқиға балалар арасындағы жанжалдың ушығуынан болған. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сонымен қатар күдіктінің ата-анасының жауапкершілігі де қарастырылуда.