Алматыда кәсіпкерлік нысанды сатамын деп 1,5 млн доллар алған күдікті Грузиядан елге қайтарылды

Алматыда кәсіпкерлік нысанды сатамын деп 1,5 млн доллар алған күдікті Грузиядан елге қайтарылды
жи: dalanews

Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Грузиядан Қазақстанға жеткізілді. Оны елге қайтару жұмыстары Бас прокуратура, ІІМ Интерпол қызметі және Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қатысуымен жүзеге асырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тергеу барысында күдіктінің 2023 жылдың қараша-желтоқсан айларында Алматыда кәсіпкерлік мақсаттағы ғимаратты сатамын деп уәде беріп, бір азаматтан 1,5 миллион АҚШ долларын алғаны анықталған. Алайда кейін ол уәдесін орындамай, ақшаны өз пайдасына жұмсаған.

Оқиғадан кейін күдікті тергеуден жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.

Ол өткен жылдың желтоқсанында Грузия аумағында қолға түсті. Қазақстан тарапының өтініші бойынша күдікті экстрадицияланып, елге жеткізілді.

Енді ол Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Заң бойынша мұндай қылмыс үшін мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.