Алматыда ескі көлігін өткізгендерге қандай жеңілдік беріледі? ӘКК түсіндірді

Алматыда ескі көлігін өткізгендерге қандай жеңілдік беріледі? ӘКК түсіндірді
Фото: ЖИ

Алматыда экологиялық талаптарға сай келмейтін ескі көліктерді азайтуға бағытталған жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр. Алайда жоба аясында тұрғындардың автокөліктерін тікелей сатып алу қарастырылмаған. Бұл туралы "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, деп хабарлайды dalanews.kz.

ӘКК 2026–2028 жылдарға арналған автокөлік құралдарын кәдеге жарату жөніндегі өңірлік бағдарламаның жобасын әзірлеген. Қазір бағдарлама дайындық кезеңінде, оны жүзеге асыру тетігі пысықталып жатыр. Сондықтан жобаның нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз.

"Бағдарламаны іске асыру тетігі әзірленіп, бекітілгеннен кейін оны іске қосу мерзімі, қатысу шарттары және өзге де параметрлері айқындалатын болады", - делінген ресми жауапта.

Корпорацияның мәліметінше, бастапқыда айтылғандай, тұрғындардан ескі автокөліктерді тікелей сатып алу көзделмейді. Оның орнына автодилерлер мен көлік өндірушілерін жеңілдікпен қаржыландыру тетігі қарастырылып жатыр.

Осы механизм бойынша экологиялық класы төмен автокөлік иелері ескі көлігін тапсырған кезде жаңа машина сатып алуға арналған жеңілдік сертификатын алуы мүмкін.

"Экологиялық класы төмен автокөлік иелеріне жаңа автокөлік сатып алу кезінде жеңілдік сертификаттарын беру көзделуде. Жеңілдік мөлшері, тапсырылатын автокөлікті бағалау тәртібі, қаржыландыру көлемі және қатысуға қатысты өзге де шарттар бағдарламаны іске асыру тетігі бекітілгеннен кейін айқындалатын болады", – деп хабарлады "Алматы" ӘКК.

Демек, әзірге жеңілдіктің нақты көлемі, қандай көліктер қабылданатыны және ескі машиналардың қалай бағаланатыны белгіленбеген. Сондай-ақ бағдарламаға қатысу үшін автокөлік иелеріне қойылатын талаптар да кейін жарияланады.

Жобаның негізгі мақсаты – Алматыдағы ауаның ластануына айтарлықтай әсер ететін автокөлік шығарындыларын азайту. Бағдарлама экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін ескі машиналарды айналымнан шығарып, кейін кәдеге жаратуды көздейді.

ӘКК өкілдерінің айтуынша, бұл шара қаладағы көлік паркін жаңартуға ынталандырып, ескі автокөліктер санын қысқартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде атмосфераға тарайтын зиянды заттардың көлемі азаяды деп күтіліп отыр.