1 маусым күні Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мерекелік бағдарлама аясында Алатау ауданындағы 100 балаға циркке бару ұйымдастырылады.
Алмалы ауданында сағат 11:00-де Прокофьев пен Дүйсенов жүргіншілер көшелерінің қиылысында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік концерт өтеді.
Әуезов ауданында мерекелік бағдарлама сағат 10:00-де Family Park-та (Өтеген батыр көшесі, 57А) флешмоб пен алып қуыршақтар және ертегі кейіпкерлерінің шеруімен басталады. Сағат 11:00-де осы жерде Н. Сац атындағы театр балаларға арналған театрландырылған ойын-сауық бағдарламасын ұсынады. Сағат 11:40-та Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған салтанатты іс-шара өтеді. Сонымен қатар сағат 11:00-де «Сарыарқа» скверінде (4-шағынаудан) «Спорт достық алаңы» акциясы аясында дзюдо және асық атудан турнирлер, сондай-ақ бағалы сыйлықтар табысталатын спорттық мереке ұйымдастырылады. Сағат 14:00-де Политехникалық колледжде «Парасатты азамат» тақырыбындағы «Ұрпақтар сабақтастығы» теннис турнирі өтеді. Ал сағат 10:00-де №141 жалпы білім беретін мектеп базасында (Жетісу-2 шағынауданы, 8В) мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері қатысатын «Жұлдызды сәт» қалалық фестивалі ұйымдастырылады.
Бостандық ауданында халықтың әлеуметтік осал санатындағы балаларға арналған арнайы мерекелік бағдарлама әзірленген. 30 мамыр мен 2 маусым аралығында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалар циркке, хайуанаттар бағына, «Fantasy World» ойын-сауық саябағына, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне, қуыршақ театры мен кинотеатрларға тегін бара алады.
Жетісу ауданында «Гүлдер» саябағында (Сериков көшесі, 6А) сағат 10:00-де шамамен 500 қатысушыны қамтитын Damu Bala Fest фестивалі өтеді. Сонымен қатар ауданда «Кітап әлемінде» челленджі аясында қазақстандық жазушылармен кездесулер, мәнерлеп оқу байқаулары және сүйікті кітаптарды талқылау ұйымдастырылады.
Медеу ауданында сағат 10:00-де Оқушылар сарайының орталық алаңында «Шаттыққа толы балалық» мерекелік іс-шарасы өтеді. Сағат 15:00-де Қазақ мемлекеттік филармониясында шамамен 500 балаға арналған «Ғажайып балалар әлемі» гала-концерті ұйымдастырылады. Сонымен қатар 400-ге жуық бала үшін тегін экскурсиялар мен мәдени-ойын-сауық бағдарламалары өткізіледі.
Наурызбай ауданында бірқатар мерекелік іс-шара жоспарланған. Шұғыла шағынауданы, 347 мекенжайындағы амфитеатрда сағат 15:00-де «Шыңға өрле, биікке самға!» әлеуметтік клубының қатысуымен Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік концерт өтеді. Сонымен қатар балаларға арналған кино көрсетілімі ұйымдастырылады. Ал Инновациялық шығармашылық орталығында (Шұғыла шағынауданы, 347/4) Мемлекеттік қуыршақ театры театр өнерін насихаттауға және балалардың мәдени демалысын ұйымдастыруға бағытталған концерттік бағдарламасын ұсынады.
Түрксіб ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық тұжырымдамасы аясында судағы қауіпсіздік пен жол қозғалысы ережелеріне арналған «Балалық шақ досы» аудандық тақырыптық челленджі өтеді. Іс-шара сағат 10:00-де №59 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылады. Осы күні сағат 10:00-де Сауранбаев көшесіндегі Арбатта «Балалық шақ» аудандық мерекесі өтеді.
Сондай-ақ, бұл күні мектеп жанындағы лагерьлердің ашылуы, оқушылардың фотоколлаждары мен сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының көрмелері ұйымдастырылады.