Алматыда автобус кезегін азайту үшін тағы төрт газ құю станциясы салынады

Алматыда автобус кезегін азайту үшін тағы төрт газ құю станциясы салынады
Фото: видеодан скрин, Dalanews

Алматыда қоғамдық көліктердің газ құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезегін азайту үшін тағы төрт мамандандырылған газ толтыру компрессорлық станциясы салынады. Бұл туралы қалалық мәслихат сессиясында Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы Ержан Диханбаев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Tengrinews.kz мәліметінше, басқарма басшысы бүгінде Алматыда күн сайын 3 200-ге жуық автобус бағытқа шығатынын жеткізген. Оның екі мыңға жуығы сығылған табиғи газбен жүреді. Ал оларды тәулігіне қажетті көлемдегі газбен қамтуға қолданыстағы инфрақұрылымның қуаты жеткіліксіз.

"Қазір үш станция жөндеу жұмыстарына байланысты жабық. Қолданыстағы сегіз станция тәулігіне небәрі 250 мың текше метр газ бере алады. Ал қажеттілік – 600 мың текше метр. Сондықтан күн сайын шамамен 350 мың текше метр тапшылық туындайды", - деді Ержан Диханбаев.

Оның сөзінше, мәселені шешу үшін салынып жатқан төрт жаңа станцияның екеуі сынақ режимінде жұмыс істеп тұр, қалған екеуі жаздың соңына дейін пайдалануға беріледі.

"Барлық нысан іске қосылғаннан кейін Алматы тәулігіне қажетті 600 мың текше метр газбен толық қамтамасыз етіледі. Осылайша қаладағы мамандандырылған газ толтыру компрессорлық станцияларының саны 12-ге жетеді", - деді басқарма басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Dalanews.kz Алматының батыс бөлігінде кезекте тұрған бірнеше автобусқа назар аударып, Алматы әкімдігіне ресми сауал жолдаған еді. Әкімдік редакцияға жолдаған жауабында кезектің пайда болуына үш газ толтыру компрессорлық станциясының жөндеуге жабылуы себеп болғанын мәлімдеген. Енді қала билігі бұл мәселені шешу үшін тағы төрт жаңа мамандандырылған станция салуды жоспарлап отыр.