Алматы әкімдігі бірнеше күннен бері жол жиегінде тұрған автобустарға қатысты түсініктеме берді

Алматы әкімдігі бірнеше күннен бері жол жиегінде тұрған автобустарға қатысты түсініктеме берді
Фото: видеодан скрин, Dalanews

Алматының батыс бөлігінде бірнеше күннен бері жол жиегінде қозғалыссыз тұрған қоғамдық автобустар тұрғындардың назарын аударды. Осыған байланысты Dalanews.kz редакциясы Алматы қаласының әкімдігіне ресми сауал жолдаған еді. Әкімдік автобустардың уақытша кешігуіне газ толтыру станцияларының бір бөлігінің штаттан тыс режимде жұмыс істеуі себеп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта қаладағы жекелеген автобус бағыттарында қозғалыс кестесінде уақытша кідірістер байқалады. Бұған автомобиль газ толтыру компрессорлық станцияларының (АГТКС) бір бөлігінің шектеулі режимде жұмыс істеуі әсер еткен.

"Қазіргі уақытта 8 автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясының бесеуі ғана штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Соның салдарынан жұмыс істеп тұрған газ құю станцияларында автобустардың кезегі қалыптасты. Осыған байланысты жекелеген автобус бағыттарының қозғалыс кестесінде уақытша кідірістер болуы мүмкін", - деп хабарлады әкімдік.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта қызмет көрсетуші ұйымдар газ толтыру станцияларындағы ақауларды жою үшін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоспарға сәйкес, бір станцияның жұмысы 29 шілдеде қайта іске қосылады. Ал барлық автомобиль газ толтыру компрессорлық станцияларының қалыпты жұмысы 31 шілдеге дейін толық қалпына келтіріледі деп жоспарланған.

"Бір станцияны 29 шілдеде іске қосу, ал барлық АГТКС-тің жұмысын толық қалпына келтіру 31 шілдеге дейін жоспарланып отыр", - делінген әкімдік жауабында. 

Осыған байланысты Алматы қаласының әкімдігі тұрғындардан уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, қоғамдық көлікпен жолға шығар алдында қозғалыс кестесіндегі ықтимал өзгерістерді ескеруге шақырды.