Алматыда 5 жасар бала саусағын қақпаға қысып алған. Салдарынан саусағы түбінен жұлынып түскен. №2 балалар ауруханасында оған аса күрделі ота жасалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ата-анасының айтуынша, бүлдіршін аулада ойнап жүріп, оң қолының бір саусағын металл қақпаға қысып алған. Салдарынан саусақ түбінен жұлынып түскен. Ата-анасы баланы дереу ауруханаға жеткізген.
Кезекші дәрігерлер, микрохирург пен бөлімше жетекшісі консилиум жасап, уақыт тығыздығына байланысты жедел саусақ тіндерінің қызметін қалпына келтіру отасына кіріскен.
Микроскоппен жасалған ота төрт сағатқа созылған. Зақымданған тамырлар мен жүйке талшықтарын қалпына келтіру үшін микроскопсыз көзге көрінбейтін жіңішке хирургиялық жіп қолданылған.
Хирург мамандар диаметрі 1 миллиметрден аспайтын күретамырды, сіңірді, жүйке талшықтары мен тамырларды жалғап, жұлынып кеткен саусақтың қызметін қалпына келтірген.
Бала отадан кейін де дәрігерлердің жіті бақылауында болған. Мамандар жалғанған саусақтың жазылу процесі мен оң қолдың қалпына келу барысын мұқият қадағалаған.